Мамырда павлодарлық фельдшерлер жүрек ырғағы бұзылған үш адамның өмірін құтқарды

Мамырда павлодарлық фельдшерлер жүрек ырғағы бұзылған үш адамның өмірін құтқарды
Фото: pexels.com/ Mikhail Nilov

Жүрек ырғағының бұзылуына байланысты шақыртулар – облыстық 103 жедел жәрдем станциясы үшін жиі кездесетін жағдай, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Соңғы бір айда жүрек ырғағының ауыр бұзылуымен ауырған үш науқасты павлодарлық 103 қызметі құтқарып қалды.

Кейбір жағдайларда аритмия ұстамасы науқастың өміріне қауіп төндіреді.

– Мұндай кезде медициналық көмек бірден көрсетілуі тиіс, – дейді қызмет басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Бұл үшін жүрекке тоқ беру арқылы аритмияны қалыпты синустық ырғаққа айналдыру немесе түзетуге арналған электримпульстік терапия қолданылады. Бұл процедура дефибриллятор аппараты арқылы жүргізіледі.

Мамыр айында ғана жедел жәрдем бригадалары үш рет дефибриллятор қолдануға мәжбүр болды. Екібастұзда фельдшерлік бригада 59 жастағы ер адамды аман алып қалды, ал Ақсу мен Павлодар қалаларында дәрігерлік бригадалар 62 және 48 жастағы әйелдерге көмек көрсетті. Науқастардың жүрек ырғағы қалпына келтірілгеннен кейін олар стационарлық емдеуге жеткізілді.

– Электримпульстік терапияның тиімді қолданылуы – біздің қызметіміздің медицина қызметкерлерін тұрақты түрде оқытып отыруымыздың нәтижесі, – дейді Ирина Мищенко. – Біз станция дәрігерлері мен фельдшерлеріміз дефибриллятормен жұмыс істеудің барлық қыр-сырын біліп, қауіпті жағдайда науқасқа көмек көрсете алуы үшін жұмыс істейміз. Біздің басты міндетіміз – қолжетімді заманауи әдістер мен білімдерді қолданып, адамдардың өмірін сақтау.

Дәрігерлер облыс тұрғындарын жүрек-қан тамырлары жүйесінің саулығына көңіл бөлуге, скринингтен өтуді елемей тастамауға және ауру белгілері пайда болған жағдайда учаскелік дәрігерге жүгінуге шақырады.