Қараша Павлодар өңірінде жылы басталып, аязды аяқталады
Ай басында күн +16°С-қа дейін жылып, соңына қарай боран мен көктайғақ күтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазгидромет синоптиктері Павлодар облысы бойынша қараша айына арналған ауа райы болжамымен бөлісті.
Ай бойына орташа ауа температурасы -3,9…-5,8°С шамасында күтіледі, бұл нормадан 1°С жоғары.
Бірінші онкүндіктің басында ауа температурасының көтерілуі байқалады: түнде 0…-5°С-тан +1…+6°С-қа дейін, күндіз +3…+8°С-тан +11…+16°С-қа дейін жылы болады. Кейін температура біртіндеп төмендеп, түнде -8…-13°С, күндіз 0…-5°С шамасында сақталады. Онкүндіктің соңына қарай қайтадан аздап жылынады.
Екінші онкүндікте ауа температурасы ауытқып тұрады: түнде -3…-8°С-тан -13…-18°С-қа дейін, күндіз 0…+5°С-тен -3…-8°С-қа дейін өзгереді.
Үшінші онкүндікте түнгі ауа температурасы -13…-18°С, күндіз -2…-7°С, ал облыстың солтүстігінде шамамен -10°С болады. Кейіннен түнде -13…-18°С-тан -8…-13°С-қа, күндіз -2…-7°С-тен -2…+3°С-қа дейін ауытқуы күтіледі.
Ай бойына жауын-шашын мөлшері облыстың көп бөлігінде нормадан жоғары, ал оңтүстігінде шамамен нормаға сай болады (норма: 16-23 мм).
Айдың басында жаңбыр және қар аралас жаңбыр, ал бірінші онкүндіктің соңында және екінші, үшінші онкүндіктердің басында қар мен боран күтіледі. Көктайғақ бірінші онкүндіктің ортасында, сондай-ақ екінші және үшінші онкүндіктердің басында байқалуы мүмкін. Тұман айдың басында күтіледі.
15-20 м/с дейін жел күшеюі айдың бірінші жартысында және үшінші онкүндіктің басында жиі байқалады.