Қазіргі заман қаһарманы: Павлодарлық жастар ерлік жасаған полицейлермен кездесті
Өмірін қатерге тіккен полицейлер ерлік жасаған кездерін естеріне түсіріп, оқушыларға үлгі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатында «Ерлік сабағы» өткізілді. Аққулы ауданы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі аға учаскелік инспекторы Елдос Қойкен және Ақтоғай аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Ердәулет Мәкімов оқушылармен өз бастарынан кешірген өмірге қауіпті жағдайларымен бөлісті.
Полиция қызметінде 10 жылдан аса қызмет атқарып жүрген Елдос Қойкен 18 сәуір күні суға батып бара жатқан әйелді құтқарды. Ерлігі үшін Президент жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
– Патрульдеу кезінде кезекші бөліміне үйде жанжал шыққаны туралы хабарлама түсті. Сұрастырып жатқанда балалары анасы Ертіс жағасына кетіп қалғанын айтты. Іздестіру кезінде отбасындағы келіспеушіліктен өзіне қол жұмсамақ болған әйелді көріп, жақындауға тырыстық. Ол кісі бізге көнбей, суға секіріп кетті. Бойымда қорқыныш болған жоқ. Себебі ең басты мақсатым – оны судан аман-есен алып шығу болды. Сондықтан еш ойланбастан суға секіріп, әйелді құтқардым, – деді Елдос Қойкен.
Тағы бір қайғылы оқиғаның алдын алуға үлкен септігін тигізген Ердәулет Мәкімов өзінің батылдығы үшін ТЖМ бастығының атынан «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды. Ол тамызда еңбек демалысында болғанда кәмелетке толмаған екі баланы ажалдан сақтап, өмірін құтқарды. Жасаған ерлігі жайлы әріптестеріне мақтаныш ретінде жария етемін деген ойы да болған емес. Оқиға туралы аман қалған бір баланың анасы полиция бөліміне алғысын білдіру үшін Instagram-ға жазғаннан кейін бірақ белгілі болды.
– Жамбыл ауылында отбасыммен бірге демалған уақытта балалардың айқайын естідім. Уақытты жоғалтпай суға секіріп, балаларды шығарып алуға тырыстым. Судың ағысы қатты болған еді. Бірінші баланы жағаға шығарып, екіншісін құтқарам дегенде ол көз алдымнан жоғала бастады. Су бетіне қалықтап шыққанда тез арада қолынан ұстап, аман алып қалдым, – деді Ердәулет Мәкімов.
«Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының 11-сынып оқушысы 16 жастағы Никита Савельев кейіпкерлердің әңгімесін тыңдап, үлкен шабыт алды.
– Осындай ерлікке барып, жұмыс атқарып жүрген полицейлердің әрекеттері адамның өмірін сақтаумен байланысты болады. Сондықтан мысалдар таң қаларлық болу керек деп санамаймын. Себебі, полицейлердің басты міндеті – көмек ету, – деді Никита Савельев.
Ал сыныптасы Алдияр Ризабек полицейлер көрсетіп жатқан батырлықты әрбір адам жасай бермейтініне сенімді.
– Көбі қорқып, батылы жетпейді. Полицейлер қашан да өз өмірлерін қиюға дайын болады. Қаһармандарға қарап, Ішкі істер министрлігінде жұмыс істеп, оқуға түскім келеді. Менің әкем де әскери қызмет саласында еңбек етеді. Оған қарап, осы мамандықты таңдауға бел будым, – деді Алдияр Ризабек.
Полицейлер оқушыларға өз елінің патриоты болып, отбасын құрметтеп, бағалау керектігін айтты.