Қоңырөзекте дауылдан зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек беріледі
Қазір ауылда электр желілерін қалпына келтіру және бүлінген нысандарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев өзінің Instagram парақшасында Қоңырөзек ауылындағы табиғи апат салдарын жою жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, 21 шілдеде болған қатты желден электр беру желілерінің жеті тірегі зақымданып, Қоңырөзек ауылдық округіне қарасты төрт елді мекен уақытша жарықсыз қалған.
– Бүгінгі таңда Чистополь, Вознесен және Надаровка ауылдарында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Қоңырөзек ауылында апаттық-қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Жұмыстарға 25 адам мен 8 бірлік арнайы техника жұмылдырылған, – деп жазды әкім әлеуметтік желіде.
Аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында объектілік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды.
– Зардап шеккен тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері құрылыс материалдарын сатып алуға демеушілік көмек көрсетті, – деп жазды Нұрболат Мақашев.
Әкімнің мәліметінше, электр энергиясының уақытша өшірілуіне қарамастан, ауыз сумен жабдықтау мен ұялы байланыс қалыпты жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ елді мекен көшелері табиғи апат салдарынан тазартылған.