«Қанша хейт болды»: Асайын Байханов жаңартылған автопаркті аралады

Сәуір айында мұнда жаңа автобустардың партиясы келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№1 автопарк жаңғыртылып, жаңа тыныс алды. Соңғы екі жылда мұнда автобустарға арналған бокстар жаңартылып, автоматтандырылған өткізу және медициналық тексеру жүйелері орнатылды. Құрылғы жүргізушінің қан қысымын өлшейді, алкоголь мен есірткілік заттарды анықтайды. Сондай-ақ, қызметкерлерге арналған жайлы демалыс орындары, душ кабиналары, санитарлық тораптар мен киім ауыстыру бөлмелері жабдықталып, жаңа техникалық қызмет көрсету және жөндеу құралдары сатып алынды.
Автопаркті аралау барысында облыс әкімі осыдан бір жарым жыл бұрын мұндағы жағдайдың мүлде басқа болғанын еске салды.
– Ол кезде қираған қабырғалар мен жылу жүйесінің орнында үйілген темір жатқан еді, – деді өңір басшысы.
Автопарк жаңа көліктермен толықтырылуда. Сәуір айында тағы 20 жайлы автобус жеткізіліп, қазіргі маршруттарға қосылады.
Асайын Байханов электронды билеттің қаншалықты танымал екенін сұрады. Оның енгізілгеніне көп уақыт өтпей-ақ, жолаушылардың 90%-ы электронды төлемге көшкені белгілі болды.
– Электронды билеттеу жүйесін енгізген кезде, «Бұл ақпараттық апат болады» дегендер көп болды, хейт те аз болған жоқ. Бірақ мен «Түсіндіреміз, уақыт өте адамдар өздері-ақ оның ыңғайлы екенін байқайды» деп айтқанмын. Саботаж да болды – бір күнде бірден алты маршрут жолға шықпады. Кімдер наразы болды? Төлемдердің ашықтығын қаламағандар. Бірақ дәл осы ашықтық автопарктерді жаңғыртуға және жаңа автобустар сатып алуға мүмкіндік берді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Бес жыл бұрын тұрғындардың 60%-ы қоғамдық көлікке қатысты шағымданған.
– Екібастұзда да, Павлодарда да адамдар автобустардың ескі екенін, интервалдың ұзақтығын айтып, жиі наразылық білдіретін. Ол шағымдар орынды еді. Себебі автопаркке қаржы құйылмады, сондықтан көлік қоры да ескірді. Қазір ондай шағымдарды көп естімейміз, – деді Асайын Байханов.
Қазіргі басты проблема – жүргізушілердің жетіспеушілігі. Бірақ бұл мәселе де жақын арада шешімін табады деп үміттенеді.
Қазір жүргізушілердің жалақысы 500 мың еңгеден басталады.