Қауіпсіз бала, саналы қоғам: Май ауданында ата-аналар форумы өтті
Форумға облыстық өңірлік психологиялық қолдау орталығының мамандары, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлерді дамыту жөніндегі координаторы және ауданның барлық елді мекенінен келген 170-ке жуық ата-ана қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданында «Саналы ата-ана – қауіпсіз бала – жарқын болашақ» тақырыбында IV аудандық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Тағылымды іс-шараның басты мақсаты – бала тұлғасының жан-жақты дамуына қолайлы эмоционалдық орта қалыптастыру, оның психологиялық саулығын қамтамасыз ету, сондай-ақ отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Іс-шара аясында қатысушыларға арналған мазмұнды көрмелер мен танымдық алаңдар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Даналық мектебі: ұрпаққа өнеге» көрмесінде әжелер, аналар және әкелер мектептерінің жұмысы таныстырылды. Сонымен қатар, бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтар мен ата-аналық жауапкершілік тақырыптарын қамтыған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Форумның практикалық бөлімінде ата-аналар 6 бағыт бойынша тақырыптық диалогтар мен тәжірибелік алаңдарға қатысты. Онда баланың болашақ мамандығын таңдауына қолдау көрсету, оқушы жетістігін бағалау және ынталандыру, мектеп пен отбасы арасындағы серіктестікті дамыту, әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеру, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ бала бойындағы қауіп белгілерін ерте анықтау мәселелері талқыланды.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен пленарлық отырыста балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық қолдау көрсету, ата-аналардың эмоционалдық саулығы мен бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ ата-ананың жеке үлгісі мен отбасындағы салауатты қарым-қатынастың бала болашағына ықпалы сөз болды.
Форум барысында мектеп психологтері Нұржамал Альменова, Эльмира Бакасова және Жұлдыз Аушахманова ата-аналардың эмоционалдық жағдайын жақсартуға, отбасындағы өзара түсіністік пен жағымды қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған тренингтер өткізді.
Ал «Сенімен болашақ» РҚБ өңірлерді дамыту жөніндегі координаторы Хызыр Жанарыс қоғамдық жауапкершілік, ортақ құндылықтар, бірлік пен ынтымақтастық, ел игілігіне қызмет ету мәселелеріне тоқталды. Ол бақытты ұрпақ тәрбиелеу – баянды қоғам қалыптастырудың басты негіздерінің бірі екенін атап өтті.
Форумның қорытынды бөлімінде бала тәрбиесін басты құндылық санап, ұрпақ болашағына жауапкершілікпен қарайтын, мектеппен тығыз байланыс орнатып, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген ата-аналардың еңбегі ерекше атап өтілді.

Бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, белсенді азаматтық ұстанымы және мектеп өміріне қосқан үлесі үшін бірқатар ата-ана Май ауданының білім беру бөлімінің басшысы атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Форум ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, бала қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты ортақ жауапкершіліктің маңызын тағы бір мәрте айқындады.