Қауіпті аневризма анықталды: Павлодар дәрігерлері пациентті ажалдан арашалады
Ақ желеңділер 37 жастағы емделушіге 6 сағат ота жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық кардиология орталығының дәрігерлері облыс орталығының 37 жастағы тұрғынының өмірін сақтап қалды. Ер адамнан жүректің ауыр дерті және ағзадағы ең ірі қан тамыры – қолқаның қауіпті кеңеюі анықталған. Алты сағатқа созылған шұғыл операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалды.
Ер адам емханадағы кардиолог қабылдауынан кейін бірден ауруханаға жатқызылды. Ол дәрігерге ентігу, әлсіздік, тез шаршау және аяқтарының ісінуіне шағымданып келген. Тексеру кезінде мамандар қолқа қақпақшасының ауыр жеткіліксіздігін және қолқаның өрлемелі бөлігінің аневризмасын анықтады. Бұл жерде қан тамыры сегіз сантиметрге дейін кеңейген. Салыстыру үшін, қалыпты жағдайда қолқаның диаметрі шамамен 2,5–3 сантиметр болады.

Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұрат Райхановтың айтуынша, пациенттің жағдайы өте ауыр болған және өміріне айтарлықтай қауіп төнген.
– Пациент жүрегінде туа біткен ақау бар екенін білген, алайда соңғы рет 13 жыл бұрын тексеруден өткен. Осы уақыт ішінде өзін жақсы сезініп, мамандардың бақылауында болмаған. Бізге түскен кезде қолқасы сегіз сантиметрге дейін кеңейіп кеткен. Әдетте бес сантиметрден асқаннан кейін оның жарылу қаупі өте жоғары болады. Бұл жағдайда пациенттің жолы болды деуге болады. Қолқа қабырғасы қатты жұқарған, кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін еді. Шын мәнінде, бұл уақытылы анықталғанға дейінгі «жасырын қауіп» болды, – деді Мұрат Райханов.
Кардиохирургтар пациенттің қолқа қақпақшасын механикалық протезге, ал зақымдалған қолқа бөлігін тамырлық протезге ауыстырды. Бұл операция ең күрделі хирургиялық араласулардың бірі саналады.
Дәрігердің айтуынша, туа біткен жүрек ақауы әрдайым операция жасауды қажет етпейді.
– Қосжармалы қолқа қақпақшасы – туа біткен жүрек ақауларының ең кең таралған түрлерінің бірі. Операция пациенттердің тек 15–20 пайызына ғана қажет болады. Қалғандары қалыпты өмір сүріп, тіпті ешқандай белгілерді сезбеуі мүмкін. Дегенмен мұндай диагнозы бар адамдарға жылына кемінде бір рет жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жасату өте маңызды. Бұл өзгерістерді дер кезінде анықтап, шұғыл жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті бөлім меңгерушісі.
Аневризма – қан тамырының кеңеюі. Қолқа қабырғасының әлсіздігі мен жоғары қан қысымының әсерінен ол біртіндеп созылып, жұқарады. Соның салдарынан кез келген уақытта жарылу қаупі туындайды. Мұндай көлемдегі аневризмасы бар пациенттер өте сирек кездеседі. Соңғы үш жылда дәрігер тәжірибесіндегі кездесіп тұрған екінші жағдай.
Операциядан кейін пациенттің жағдайы жақсы, ол ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. Енді ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады. Алғашқы жылы үш рет скрининг пен жүрек УДЗ-інен өтеді, кейін тексерулер әр алты ай сайын жүргізіледі.

Жолы болғыш емделуші Владислав Сидоренко алғашқы белгілерге бастапқыда мән бермегенін айтады.
– Алдымен жеңіл ентігу пайда болды, оны бронхит деп ойладым. Алайда шамамен бір апта ішінде жағдайым күрт нашарлап, тыныс алу қиындай түсті. Содан кейін медициналық көмекке жүгіндім. Балалық шағымда туа біткен жүрек ақауы анықталған, бірақ өзімді жақсы сезінгендіктен, тексерулерден өтуді тоқтаттым. Қазір өзімді өте жақсы сезінемін, күн сайын жаяу жүремін, жаттығу жасаймын. Осы жағдайдан кейін денсаулыққа қатысты мәселені кейінге қалдыруға болмайтынын түсіндім. Енді үнемі тексеріліп тұрамын, – деді пациент.
Жыл басынан бері Павлодар облыстық кардиологиялық орталығында жүрекке 250 операция жасалды. Жалпы, орталықта жылына орта есеппен 550–600 осындай операция жүргізіледі. Оның ішінде ай сайын екі-үш аса күрделі операция орындалады.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операцияны ақылы түрде жасау құны үш миллион теңгеден асады.
Суретті түсірген - Амира Жартекей.