Виктор Шейкин - қазақ әндерін джаз ырғағымен үндестірген маэстро
Виктор Шейкин – елдегі ең беделді әрі құрметті мәдениет қайраткерлерінің бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының джаз оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері, «Құрмет» орденінің кавалері Виктор Шейкин мерейлі жасын атап өтті.
Жасына қарамастан Виктор Тимофеевич өз жұмысын белсенді жалғастырып келеді. Ол оркестр мен хорды басқару үшін арнайы партитура дайындайды, әндерге музыкалық өңдеуден жасайды, дайындықтарға тыңғылықты келіп, концерттерде оркестрді басқарады. Сонымен қатар өнер иесі музыкалық колледжде болашақ өнерпаздарға сабақ беріп жүр.

– Егер адам өз ісін сүйсе, оған жастың ешқандай кедергісі жоқ. Ең бастысы – денсаулық мүмкіндік беруі керек. Мен үшін біздің оркестр – бір отбасы сияқты. Біз бір-бірімізді жарты сөзімізден-ақ түсінеміз, – дейді маэстро.
2025 жылы филармонияның джаз оркестрі 40 жылдығын атап өтті. Ол 1985 жылы Виктор Шейкиннің бастамасымен құрылған. 1996 жылы ұжым ТМД елдері арасынан алғашқы болып джаздың отаны – АҚШ-та өнер көрсетіп, Атланта қаласында өткен IAJE-нің 23-ші халықаралық конференциясына қатысты.
– Америкалықтар Қазақстан сияқты алыс елде джазды осыншалық нәзік түсініп, жоғары деңгейде, свингпен орындайтынымызға таңғалды. Бұл бізге берілген ең жоғары баға болды, – деп еске алады Виктор Шейкин.
Оркестр құрамы Павлодар музыкалық колледжінің түлектерімен үнемі толықтырылып отырады. Маэстроның көптеген шәкірттері бүгінде Қазақстанда және шетелде еңбек етуде. Олардың қатарында танымал саксофоншылар Шыңғыс Жандильдин, Евгений Ботников, Әсел Шакенова, Раушан Дәулетбаева, ағайынды Буштар, гитарист Виталий Юрчук және тағы басқалары бар.

Виктор Шейкин сондай-ақ Қазақстандағы алғашқы «Ұлы даланың әуендері джаз ырғағында» атты ноталық жинақтың авторы. Оған қазақтың халық әуендерінің джаздық өңдеулері енгізілген.
Жылдар бойы оркестр көптеген марапаттарға ие болып, беделді фестивальдердің қатысушысына айналды. Осы арқылы ол Қазақстандағы джаз мәдениетін дамыту мен насихаттауға зор үлес қосып келеді.
Аяужан Жетес.