Қазақстанда әуе компаниялары мереке күндері қосымша рейстер ұйымдастырады
Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен Air Astana, FlyArystan, SCAT, VietJet Qazaqstan әуе компанияларының қатысуымен кеңес өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиналыс барысында мереке күндері әуежайлар мен әуе компанияларының жұмыс режимін күшейту мәселелері талқыланды.
Жолаушылар сұранысының артуына байланысты мерекелік кезеңде бірқатар ішкі бағыттар бойынша 100 қосымша рейс ұйымдастыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астана – Алматы, Алматы – Орал, Алматы – Семей, Астана – Түркістан, Астана – Ақтөбе, Алматы – Ақтау, Алматы – Ақтөбе және Астана – Шымкент бағыттары қамтылады.
Кеңес қорытындысы бойынша әуе компаниялары мен әуежайларға бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін әуе кемелерінің резервін және қосымша жерүсті техникасын қарастыру, персонал құрамын тәжірибелі мамандармен күшейту, рейстер кешіктірілген жағдайда жолаушыларға қызмет көрсету аясында ыстық тамақ пен сусын беруді ұйымдастыру тапсырылды.
Рейстердің кешігуі жағдайында жолаушыларды ресми сайттар, әлеуметтік желілер, мобильді қосымшалар, әуежайлардағы ақпараттық таблолар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел хабардар ету қажеттігі де атап өтілді.
– Әуе компаниялары мен әуежайлар қабылдап жатқан барлық шаралар, ең алдымен, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты объективті себептермен туындайтын рейстердің кешігуіне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, – делінген ведомство хабарламасында.
Жолаушыларға рейстердің мәртебесі мен ұшу уақытын әуе компаниялары мен әуежайлардың анықтама қызметтері, сондай-ақ ресми сайттар мен мобильді қосымшалар арқылы алдын ала нақтылау ұсынылады.