Қазақстанда мамыр мерекелерінде пойыздарға қосымша вагондар беріледі
Жолаушылар ағынының артуына байланысты ұлттық тасымалдаушы қосымша шаралар қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 6–11 мамыр аралығында сұранысы жоғары бағыттардағы пойыздар құрамына 175 қосымша вагон тіркеледі.
Нәтижесінде жолаушылар үшін шамамен 16 мың қосымша орын ұсынылады.
– Бұл шешім мереке күндері билет тапшылығын азайтып, сапарды жоспарлауды жеңілдетуге бағытталған, – делінген хабарламада.
Қосымша орындар Астана, Алматы, Павлодар, Түркістан, Атырау, Семей, Петропавл, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Өскемен, Балқаш және басқа да бағыттар бойынша қарастырылған. Сондай-ақ Пресногорьковская, Қазалы, Саратов, Жезқазған, Сарыағаш және Новосибирск бағыттары да қамтылады.
Жолаушылар билеттерді комиссиясыз bilet.railways.kz ресми сайтынан немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларынан сатып ала алады.
Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы, сондай-ақ тасымалдаушының Instagram желісіндегі ресми парақшасынан алуға болады. Пойыздар қозғалысы туралы өзекті мәліметтер tablo-railways.kz сайтындағы онлайн-тақтада қолжетімді.