Қазақстандық көкпаршылар ДКО-дағы басты қарсыластарын атап өтті
Ұлттық құрама жеңіс үшін бәріне дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары Дирекциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық көкпаршылар Алматы облысында көкпар және көк бөрі ойындары бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Спортшылардың дайындығы үшін Көкпар федерациясы тәжірибелі кеңесшілерді тартқан. Оқу-жаттығу жиындары ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Көкпардан ұлттық құрама мүшесі Наурызбай Қалтаев байрақты бәсекеге дайындық жайлы және көкпар мен көкбөрінің айырмашылықтары туралы айтып берді.
– Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген дайындығымыз жоғары деңгейде өтіп жатыр. Екі спорттың айырмашылығы тайм санында – көкбөріде үш тайм ойналады, ал көкпарда екеу. Көкбөріде қазандыққа, ал көкпар жерге сызылған шеңберде ойналады, – деп атап өтті ол.
Көк бөрі сайысы бойынша әр командадан 12 қатысушы болады.
– Қазір спортшылардың дайындықтары жақсы. Басты қарсылас ретінде Қырғызстан мен Өзбекстанды айтар едім. Егер біз көкпардан жеңісімізге сенімді болсақ, көкбөрі ойынынан мүмкіндіктеріміз тең дәрежеде. Біраз жылдан бері көкбөрі ойнаған жоқпыз. Десе де жеңіс үшін барлық мүмкіндігімізді пайдаланамыз, – деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.
Еске сала кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Ауқымды спорттық іс-шарада барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.