Қазақстанның үздік сұрмергені «Ертіс» ФК бас бапкері болып тағайындалды

Қазақстанның үздік сұрмергені «Ертіс» ФК бас бапкері болып тағайындалды
Фото: Qostanai.Media

Клуб бұл жаңалықты растады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс» командасының жаңа бас бапкері тағайындалды. Бес дүркін ел чемпиондарының басшылығы Нұрбол Жұмасқалиевті таңдады. Бір айдан аз уақыт бұрын бапкер өзінің туған клубы «Тобылда» қанағаттанарлықсыз нәтижелерге байланысты дәл осындай қызметтен кетті.

«Біз осындай беделді әрі тәжірибелі маманды павлодарлық клубта көргенімізге қуаныштымыз, «Ертіспен» бірге толағай табыстар тілейміз! Айта кету керек, Нұрбол Жұмасқалиевтің «Ертістегі» жаттықтырушылар құрамына Данияр Мұқанов және Олег Недашковский кірді. Танымал мамандар бас бапкер көмекшілері қызметтерін атқарады», - деп жазды «Ертіс» баспасөз қызметі.

Нұрбол Жұмасқалиев 167 голмен Қазақстан футболындағы ең үздік сұрмергендер тізімінде көш бастап тұр. Одан кейін Олег Литвиненко мен павлодарлықтардың қазіргі президенті Мұрат Тілешев келеді.

Осыған дейін Кирилл Альшевский кеткеннен кейін, павлодарлық маман Валерий Бельгибаев команданы «Елімайға» қарсы ойынға жаттықтыратыны хабарланған болатын.