Ұлттық құрылтай: павлодарлық педагог білім мен ғылым саласы жөнінде пікір білдірді

Ұлттық құрылтай: павлодарлық педагог білім мен ғылым саласы жөнінде пікір білдірді
Фото: Ақорда

Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтуде, деп хабарлайды @Pavodarnews.kz.

Жиында ел дамуының негізгі бағыттарымен қатар, білім беру саласын жаңғырту, ғылым мен тәрбиенің өзара байланысын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Құрылтай жұмысына қатысты пікір білдірген Павлодар қаласындағы Жұмабек Тәшенев атындағы ЖОББМ тарих пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Әлия Қасымжанова бұл жиынның маңыздылығына тоқталды.

– Құрылтай аясында білім беру инфрақұрылымын жаңарту, оқу үдерісін заманауи технологиялық талаптарға бейімдеу және цифрландыруды дамыту басты басымдықтардың бірі ретінде аталды. Негізгі отырыс қарсаңында «Ғылым және білім» мамандандырылған секциясы өтті, онда сарапшылар ғылым жетістіктерін оқу үдерісіне енгізу және университеттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады, – деді педагог.

Ол құрылтайдың тәрбиелік аспектісіне де ерекше көңіл бөлді. 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайлардағы сөйлеген сөзінде дәстүр бойынша «Адал адам» құндылықтарын білім беру жүйесі арқылы дамытудың маңыздылығын, еңбексүйгіштік пен отансүйгіштікке баса назар аударады.

Спикердің пайымдауынша, білім беру жүйесіне цифрлық құралдарды енгізу, оның ішінде студенттердің жекелеген санаттары үшін қашықтықтан оқыту мәселелерін талқылау жалғасуда.

– Білім мәдени кодты сақтау және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау құралы ретінде қарастырылады. Айта кетерлігі, өткен кеңесте де экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін оқулықтардың сапасын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту міндеттері қойылған болатын. 

Әлия Қасымжанованың ойынша, осындай ауқымды шаралар арқылы елдегі негізгі мәселелер нақты қарастырылып, талқыланып, болашаққа бағыт-бағдар қойылады.