Әке бақыты: Ұлттық ұлан сарбазы Павлодарда қызын қолына алды

Әке бақыты: Ұлттық ұлан сарбазы Павлодарда қызын қолына алды
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

Ол іс-сапармен келген кезде жұбайының перзентханадан шығатын сәтіне дөп түсіп, отбасымен қуанышын бөлісе алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодарда мерзімді әскери борышын Ұлттық ұлан сапында өткеріп жүрген қатардағы жауынгер Ильдар Нұржанов әке атанды. Алматы қаласынан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөліміне іс-сапармен келген сарбаз, перзентханаға асыға жетті. Жаңа туған нәрестені қолына алып, әке бақытын сезінген Ильдардың қуанышымен қаруластары да бөлісті.

– Мен өте қуаныштымын. Жолдасым әскерде болғандықтан, мені шығарып алуға келе алмайды деп ойладым. Алайда, босанып шыққан қыз-келіншектер сияқты мен де күйеуімнің құттықтап, күтіп алғанын қаладым. Жолдасымның біздің отбасымыз үшін маңызды шарадан құр қалмай, қатысқанына өте ризамын. Біз жаңа туған сәбиге Ильдар екеуіміз ақылдаса отырып, Малика деп есім қойдық, – дейді қатардағы жауынгердің жұбайы Даяна Нұржанова.

Жас жұбайлар өткен жылы шаңырақ көтерген. Ильдардың мерзімді әскери қызметі биыл желтоқсан айында аяқталады. Ол Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, тұңғышына ардақты әрі қамқор әке болуды мақсат тұтады.