Ән аға есімі берілген мәдениет үйі Жетекші ауылына жаңа леп сыйлады
Шәмші Қалдаяқовтың атындағы мәдени нысан ауылға жаңа тыныс берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл қуанышты оқиғаны ауыл тұрғындары мен мәдениет үйінің мамандары растайды.
Мәдениет үйінің директоры Бағдат Сатимовтың айтуынша, нысан ашылған күннен бастап ауылдың жүрегіне айналып, тұрғындардың бас қосатын орны болды.
– Жаңа ғимарат шығармашылыққа қажетті барлық құралдармен жабдықталған: музыкалық аспаптар, заманауи сахналық жарықтандыру және үлкен LED-экран бар. Құрылыс кезінде желдету жүйесіне және өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, ыңғайлы грим бөлмелері, үйірмелер мен студияларға арналған кең кабинеттер қарастырылған. Заманауи акустика концерттер мен қойылымдарды ерекше әсерлі етеді. Мұның бәрі ауыл тұрғындары үшін нағыз мәдени орталықтың атмосферасын қалыптастырады, – дейді Бағдат Сатимов.

Жалпы аумағы 1 500 шаршы метрді құрайтын мәдениет үйінің құрылысы екі жылға созылды. Бүгінде ол ауыл тұрғындарын 300 орындық кең көрермен залымен қуантады.
Мұнда вокал, домбыра, хореография және қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді. Балаларға мультфильмдер көрсетіледі, ал ересектерге киносеанстар ұйымдастырылады. Ал демалыс күндері 80–90-жылдардағы музыка кештері өтеді. Жетекшінің тұрғындары мұнда қызыға келіп, уақытын мәнді өткізеді.
Жаңа нысанның ашылуымен мамандар үлкен жоспар құруда.
– Алдағы уақытта ауыл аудиториясына арналған «Ауыл кеші көңілді» бағдарламасын іске қосуды көздеп отырмыз. Оған отандық эстрада жұлдыздары шақырылады. Жобаны жазда жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, бірақ қонақтардың есімдері әзірге құпия, – дейді Бағдат Сатимов.
Сонымен қатар, қазақ вальсінің королі, Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған байқау өткізу жоспарда бар.


– Конкурсты дәстүрге айналдырғымыз келеді. Байқау форматы ерекше болады, яғни тек ауыл тұрғындары арасында. Оның үш жүзге жуық әні бар, әуендері халықтың сүйіспеншілігіне бөленген және қазіргі қазақ эстрадасының негізін құрайды. Байқауды сәуір айында өткізуді жоспарлап отырмыз. Кейін ол қала деңгейінде де жалғасуы мүмкін, – дейді директор.
Жетекшідегі мәдениет үйінің ашылуы ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жұмыстарының бір бөлігі болды. Ауылда үш мыңнан астам адам тұрады, ал мәдениет үйінің құрылысы ұзақ жылдар бойы тұрғындардың басты сұраныстарының бірі еді. Енді Павлодар облысының әр тұрғыны ауылдық округінде өз мәдениет үйі жұмыс істейді.