Әскерден университетке: Павлодарда жиырмаға жуық сарбаз білім грантына ие болды

Әскерден университетке: Павлодарда жиырмаға жуық сарбаз білім грантына ие болды
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Отан алдыңдағы борышын аброймен өтеген сарбаздар енді жоғары оқу орындрының студенті атанбақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Сарбаздар Ұлттық ұлан сапына Абай, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарымен  және Астана қаласынан шақыртылған болатын. Шара барысында қызметтегі  үлгілі  тәртібі үшін мерзімді әскери қызметшілерге Алғыс хаттар табысталды. 

—  Сарбаздардың біразы өмірлерін әскери саламен байланыстыруға ықылас танытуда. Әзірше, 27 азамат келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыруға ниет білдірді. Сондай-ақ Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген  17 сарбаз «Әскери міндеттілер 2.0» сандық платформасы арқылы жоғары білім алудың таптырмас мүмкіндігіне ие болды. Әскери бөлім командирі тегін білім алу сертификатын сарбаздарды шығарып салу рәсімінде салтанатты түрде табыстады - дейді 5512 әскери бөлім командирінің  тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасарының міндеттерін уақытша атқарушы  капитаны  Ерсұлтан Хадырбаев. 

Отан алдындағы борышын мінсіз атқарған сарбаздың бірі Бақдәулет Әбдібек. Қатардағы жауынгер Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан білім алмақ. Жоғары оқу орны қабырғасында шәкіртақы алатын сарбаздың білім ордасының жатақханасына орналасу мүмкіндігі де  қарастырылған. Әскери бөлімге сарбаздардың келесі легі Абай, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды  өңірлерінен келеді. 

Әскери қызметшілердің айтуынша, сарбаздар Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде моральдық сондай-ақ физикалық жағынан  шыңдалып, өзіне жүктелген барлық қызметтік тапсырманы жоғары деңгейде орындаған.  

Еске сала кетейік, мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

2022 жылдан бастап әскери қызмет атқарған азаматтарға жеңілдіктер берілуде. Олар екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, сұхбат арқылы түсе алады. Үздік сарбаздар тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ олардың кредиттері мен микрокредиттері 14 айға дейін тоқтатылады.