Өткенге тағзым: Жетекші тарихы кітап болып жарық көрді
Кітап авторлары – Валентина Кох пен Күлжазира Арынова, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жетекші ауылдық мәдениет үйінде ауыл тарихына арналған «Атамекен – Жетекші – Менің шағын Отаным» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Еңбекте ауылдың өткені, осы өңірде өмір сүрген ата-бабалардың тағдыры мен еңбегі кеңінен қамтылған.

Іс-шараға ауыл тұрғындары, ақсақалдар, аналар кеңесінің өкілдері мен жастар жиналды. Жиында сөз сөйлеген «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Құралай Уақбаева бұл кітаптың маңыздылығын ерекше атап өтті.
- Бүгінгі тұсаукесер – өткен тарихты түгендеп, ата-бабаларымыздың өмір жолын жаңғыртатын маңызды оқиға. Автор қыздарға алғысымды білдіремін. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Жастар ата-бабалардың өткен жолын білуі тиіс, – деді ол.
Жетекші ауылының әкімі Нұрлыбек Әбдірахманов та авторларға ризашылығын білдірді.
- Бүгін біз тарихы терең Жетекшінің шежіресін бір кітапқа жинақтаған еңбектің куәсі болып отырмыз. Ауылда еңбек еткен ата-бабаларымыздың өмірі осындай туындыда көрініс тапқаны – үлкен жетістік. Авторларға ерекше алғыс айтамын. Алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілеймін, біз әрдайым қолдауға дайынбыз, – деді әкім.
Шара барысында сөз алған Жетекші ауылының ақсақалы Жақсылық Қапсанов бұл еңбектің болашағына сенім білдірді.
- Осындай көп адамның Жетекші тарихына қызығушылық танытатынын күтпедім. Бұл кітаптың жолы болады деп ойлаймын. Тамырлы тарихты білу – болашаққа дұрыс қараудың негізі. Бұл еңбек жалғасын табуы тиіс, – деді ол.

Авторлар да өз кезегінде жиналған қауымға алғыстарын жеткізді. Олар қолдау көрсеткендері үшін ауыл тұрғындарына ерекше ықыласпен алғыс айтты.
- Сіздердің қолдауларыңыз үшін көп рақмет. Бұл кітапты сіздер үшін жаздық. Біз үшін бұл – ерекше сәт. Жетекшіде осындай мейірімді, жанашыр адамдар тұратынына қуаныштымыз. Сіздер де бұл еңбектен біз сияқты қуаныш аласыздар деп сенеміз, – деді олар.
Тұсаукесер жылы әрі әсерлі жағдайда өтіп, ауыл тұрғындары үшін маңызды рухани оқиғаға айналды.