Аққулы ауданының мектебінде туған өлке естеліктерін сақтайтын мұражай ашылады

Аққулы ауданының мектебінде туған өлке естеліктерін сақтайтын мұражай ашылады
Суретті мектеп әкімшілігі ұсынды

«Ұрпақ bridge» зерттеушілер клубы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес Бесқарағай мектебінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асырудың тиімді жолдары» тақырыбында облыстық семинар өтті.

–    Шара «Біртұтас тәрбие»бағдарламасы бойынша тәрбие жұмысындағы тәжірибе алмасуға бағытталған. Семинарға білім бөлімдерінің әдіскерлері, директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, Тереңкөл, Май, Ақтоғай ауданының және Ақсу қаласының педагогтері қатысты, – дейді мектеп директорының тәрбие ісінің орынбасары Әсем Ахметова.

Мектептің акт залында семинардың ашылуы ұйымдастырылып, мектептің бірінші қабатында «Ұрпақ bridge» зерттеушілер клубы мектеп мұражайын құру бойынша өз жұмысын бастады.

–   Бір ай ішінде жас зерттеушілер туған өлке, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушылары, атақты жерлестері, тыл еңбеккерлері туралы мұражай үшін мектептің тарихы туралы материалдар жинайтын болады. Мектеп мұражайы тек есте сақтау қоймасы ғана емес, сонымен қатар оқушылар туған мектебі мен өңірінің тарихын зерттей алатын білім беру алаңы болады, – дейді ол.

Семинардың екінші бөлімінде мектеп психологтары Салтанат Узбекова мен Рымкеш Қайырбаева релаксация бөлмесінде семинар қатысушыларымен шығармашылық жұмыс жүргізді.

–   Шығармашылық жұмыста монотипия техникасын қолданып қырыну көбігі және әр түрлі бояулар көмегімен сурет салу болды. Қонақтарымыз белсене қатысып, өз өнерлерін көрсетті, – дейді Салтанат Узбекова.

Сонымен қатар мектеп кітапханашысы мен бастауыш сынып мұғалімдері «Балалар кітапханасы» жобасы аясында бастауыш сынып оқушыларымен «Жалқау бала» театрландырылған қойылымын өткізді.

Шағын орталықтың тәрбиешілері мен даярлық сыныбының педагогы тәрбиеленушілерімен Белбеу тартыс, Теңге ілу секілді ұлттық ойындарын ойнатты.

Екінші қабатта семинар қонақтары этноауылмен танысты. Мұнда «Ағалар» клубының басшылары «Былғарыдан тоқу әдістері мен тәсілдері» атты өз жұмыстарымен таныстырды. Осыдан кейін «Айнамкөз» клубының басшылары «Дәстүрлі өнердің жібін жалғау» тақырыбында шеберлік сыныбын дайындады. Одан бөлек екінші қабатта «Тамақ-өмір негізі» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, түрлі тағамдарды дайындау процесін көрсетті.

Дене шынықтыру мұғалімдері тоғызқұмалақ, қазақша күрес, садақ ату сияқты ұлттық ойындарынан қонақтармен және балалармен жарыстар өткізді.

Семинар оқушылар ұйымдастырған шағын концертпен аяқталды. Іс-шара қорытындысы бойынша «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын одан әрі іске асыру бойынша ұсынымдар әзірледі.