Ақсуда ескі кәріз желісі жаңартылып, жылу құбырлары ауыстырылуда

Ақсуда ескі кәріз желісі жаңартылып, жылу құбырлары ауыстырылуда
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Қаладағы маңызды инфрақұрылым нысандарындағы жұмыстар бақылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Аманов шаһардағы негізгі инфрақұрылым нысандарында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

– Инженерлік желілерді жаңғырту – тұрғындардың жайлы өмір сүруіне және коммуналдық жүйелердің сенімді жұмыс істеуіне негіз болатын маңызды міндеттердің бірі. Барлық жұмыс тұрақты бақылауда, – деді қала әкімі.

Алдымен шаһар басшысы Әуезов пен Дөнентаев көшелерінің қиылысындағы кәріз коллекторын қайта жаңғырту алаңына барды. Онда мердігер ұйым өкілдері жобаның жүзеге асырылу кезеңдері, жұмыс кестесі және алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.

Бұдан кейін Ленин көшесі, 55/1 мекенжайында жүргізіліп жатқан жылу желілерін жаңарту жұмыстары қаралды. Мамандармен бірге құрылыс қарқыны, туындаған мәселелер және нысанды пайдалануға беру мерзімдері талқыланды.

Сондай-ақ Пушкин көшесіне дейінгі учаскеде кәріз желісінің опырылуы анықталған. Мамандардың мәліметінше, бұл аумақта бұрын сорғы станциясы орналасқан. Қазір шамамен алты метрлік бөлігі зақымданып, магистральдық коллектордағы тозған құбырлар кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр. Бүгінде 400 миллиметрлік құбырдың бір бөлігі төселіп, 200 миллиметрлік құбырдың шамамен 30 метрін орнату ғана қалған. Қалпына келтіру жұмыстары Нетаев көшесінде, Ентаев көшесі маңында жалғасуда.