Ақсуда полицейлер ашық аспан астында қабылдау өткізді

Азаматтардың көтерген көптеген өзекті мәселелері жедел түрде шешімін тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Октябрь және Энергетиктер көшелеріндегі тұрғын үйлердің ауласында учаскелік инспекторлар «Ауладағы қабылдау» акциясын өткізді.
Қабылдау кезінде тұрғындар полиция қызметіне қатысты сұрақтар мен ұсыныстарын учаскелік инспектор Ерболат Кощегуловқа қойды. Азаматтар абаттандыру ережелерінің бұзылуы, жол қозғалысын ұйымдастыру сынды түрлі мәселелер бойынша шағымданды. Тұрғындар көтерген көптеген өзекті мәселелер сол жерде шешімін тапты, ал кейбіреулері бақылауға алынды.
Мысалы, тұрғындар аула ішінде жасанды жол кедергілерін орнату жөнінде ұсыныстар айтты. Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту, пәтер және көлік салонынан ұрлық, алаяқтықтың алдын алу мен жолын кесу, сондай-ақ абаттандыру мәселелері талқыланды. Кездесу барысында полиция қызметкерлері тұрғындарға пайдалы кеңестері бар парақшалар таратты.
Кездесу соңында қала тұрғындары полиция қызметкерлеріне осындай шара үшін алғыс білдірді.
– Біз – зейнеткерлерміз, алыстағы жерлерге бару қиын. Сондықтан осындай шаралардың аулада өткізілуі біз үшін өте қолайлы. Біз үйден шықпай-ақ сұрақтарымызды қойып, жауап ала аламыз. Бұл өте ыңғайлы, – деді үй тұрғындары.
Бұл кездесуде қала тұрғындары полиция қызметкерлерінен кеңес алып, өз ұсыныстарын білдіру мүмкіндігіне ие болды.
Облыстық полиция халық үшін әрқашан ашық. Тәртіп сақшылары кез келген құқық бұзушылық туралы «102» арнасына дереу хабарлауға шақырады. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алуға және туындаған мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.