Ақсуда сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды

Ақсуда сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды
Фото: pexels.com/Anastasia Shuraeva

Қатысушылар құқықтық тәртіп тақырыбын шығармашылық арқылы ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласында «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында қалалық жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған онлайн сурет байқауы өз мәресіне жетті. Байқаудың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында заңға құрмет, жауапкершілік сезімі мен қоғамдағы тәртіптің маңызын түсіндіру болды.

Шығармашылық сайысқа 7-9-сыныптың бес оқушысы қатысты. Мектеп оқушылары әділдікке, құқықтық тәртіпке және қоғамдық мәдениетке деген көзқарастарын бейнелеген жарқын әрі қызықты жұмыстарын ұсынды. Әр сурет өзіндік ерекшелігімен және шығармашылық тәсілімен дараланды.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Елизавета Сытник иеленді. Екінші орын Әмина Кабельдиноваға бұйырса, үшінші орынды Анастасия Дмитриева алды. Ал белсенді қатысып, шығармашылық көзқарас танытқаны үшін Айзере Ғалиева ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды. Бас жүлде иесіне шаш күтіміне арналған жиынтық берілсе, екінші орын иегеріне штатив, үшінші орынға 5.1 форматындағы дыбыс колонкасы табысталды. Ал ынталандыру сыйлығының иесіне спорттық су бөтелкесі сыйға берілді.

Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділік танытып, байқауға қызығушылық білдіргені және шығармашылық көзқарасы үшін алғыс айтты. Олар мұндай шаралар жастар арасында заңға құрметті, жауапкершілікті және қоғамдық құндылықтарды дәріптеуге ықпал ететінін атап өтті.