Ақсуда жаңа дақыл – қыша өсіріліп жатыр

Егін жинау науқаны қарқынды жүруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу мен оның ауылдық аймағына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен барып, егін жинау науқанының барысымен танысты. Шаһар басшысы Болатбек Шәріпов биылғы жылы жалпы егістік алқабы 24 900 гектарды құрайтынын атап өтті. Оның ішінде 8 600 гектарға дәнді дақылдар егілген. Соның ішінде бидай – 3 580 гектар, арпа – 3 400 гектар, сұлы – 350 гектар, жүгері – 350 гектар және тары – 400 гектар жерге себілді. Қазіргі таңда дәнді дақылдардың 4 700 гектары жиналды, бұл шамамен 55 пайызды құрайды. Орташа өнімділік гектарына 10 центнерді құрап отыр.
– Көкөніс дақылдары 1 047 гектар жерге егілген, оның бүгінде 44 пайызы жиналды. Картоп 7 540 гектарға отырғызылды, қазіргі кезде оның 40 пайызы алынды, жинау жұмыстары жалғасып жатыр, – деді ол.
Майлы дақылдар алқабы 5 500 гектарға жетті. Оның ішінде күнбағыс 4 660 гектарды құрайды. Өткен жылы күнбағыс тек 900 гектарға егілсе, биыл бұл көрсеткіш бес есеге артқан.
– Сонымен қатар жаңа дақыл – қыша өсіріліп жатыр. Ол негізінен жерді тыңайту үшін пайдаланылады: қыша шабылып, топырақта қалдырылады, сидерат ретінде, – деді қала әкімі.
Жемшөптік дақылдардың жалпы көлемі 1 830 гектарды құрайды. Оның ішінде сүрлемге арналған жүгері әлі жиналған жоқ, жақын күндері басталады.
Қаржыландыру бойынша биыл ауыл шаруашылығына 2 миллиард 350 миллион теңге бөлінген. Техникамен қамтылу деңгейі де жоғары. Қазіргі уақытта ауылдық аймақта 165 трактор, 81 комбайн бар. Оның ішінде 37-сі – дәнді дақылдарға арналған комбайндар, 36-сы – картоп жинайтын, сегізі – көкөніс жинайтын техника. Олардың арасында өздігінен жүретін және тіркемелі түрлері бар. Биыл шаруашылықтар 956 миллион теңгеге 38 бірлік жаңа техника сатып алған.
Күзгі дала жұмыстарына 1 106 тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күні оның 82 пайызы төленген, шамамен 70 пайызы жеткізіген.
– Сақтау орындары бойынша 32 картоп қоймасы бар, олардың жалпы сыйымдылығы – 106 100 тонна. Сонымен бірге жеті көкөніс қоймасының сыйымдылығы 24 500 тоннаны құрайды. Ал дәнді дақылдарға арналған тоғыз қойма бар, олардың жалпы көлемі 54 800 тонна, соның ішінде Қалқаман элеваторы – 46 000 тоннаны құрайды, – деді Болатбек Шәріпов.
«Агрологистик» ЖШС сәбізді 44 гектарға, қызылшаны 22 гектарға еккен. Сәбіз арнайы салқындатқыш қоймаларда сақталады. Өнімнің бір бөлігі сатылып, қалғаны қоймада көктемге дейін сақталады. Қызылшаның өнімділігі гектарына 22–25 тонна аралығында. Қазіргі уақытта қызылшаның бағасы 70–80 теңге, ал сәбіз 85–90 теңге аралығында сатылып жатыр.
Шаруашылықта 17 тұрақты жұмысшы бар. Науқан кезінде ауылдардан қосымша 150-200-ге жуық адам уақытша жұмысқа тартылады. Олар Ақсу қаласынан және жақын ауылдардан арнайы автобустармен жеткізіледі.
– Тұрақты жұмысшылардың жалақысы айына 350 мыңнан 600 мың теңгеге дейін жетеді. Ең жоғары еңбекақыны комбайн жүргізушілері алады. Орташа айлық – 450-500 мың теңге шамасында. Жұмысшыларға тегін тамақ беріледі, жолақысы да шаруашылық есебінен өтеледі, –«Агрологистик» ЖШС өкілі.
Қызметкерлер негізінен жергілікті тұрғындар. Тұрақты жұмыс істейтіндердің ішінде зейнет жасына жақындағандар аз, көпшілігі – 30-35 жас шамасындағы жастар. Қысқы мезгілде олар техника жөндеумен айналысады, соған қарамастан еңбекақылары тұрақты төленіп отырады. Бұл олардың басқа жұмысқа кетіп қалмауы үшін жасалады.