Ақтоғай ауданында тұрғындар көрші ауылдың медпунктіне сабылмайды

Ақтоғай ауданында тұрғындар көрші ауылдың медпунктіне сабылмайды
Фото: Ақтоғай ауданының әкімдігі

Шілікті ауылында жаңа медициналық пункттің құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов Шілікті және Жолболды ауылдарындағы денсаулық сақтау объектілерінде болып, жөндеу және құрылыс жұмыстарының орындалу барысымен танысты.

– Қазіргі уақытта Шілікті ауылында ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуда, ендігі кезекте айналасын абаттандыру жұмыстары қалған. Құрылысты 2025 жылдың ақпан айының соңына аяқтау және тапсыру жоспарланған, – дейді Қаршыға Арынов.

Тұрғындар денсаулығы сыр берген жағдайда мектептің ішінде орналасқан медициналық кабинетке барады. Ал қажет болса, 15 шақырым жердегі ауылдық округтің орталығы – Жолболды ауылына баруға тура келеді. 

Сондай-ақ Жолболды ауылында медициналық пункті күрделі жөндеу жоспарлануда. Жұмыстар 2025 жылдың наурыз айының соңында басталмақ.

Жөндеу жұмыстары қатты жабындыны, қасбетті, терезелерді және жылу жүйесін ауыстыруды, сондай-ақ ішкі әрлеу жұмыстарын қамтиды. Жобаның жалпы құны – 84 миллион теңге. Жұмыстарды орындаушы мердігер – «Логотек KZ» ЖШС.

Жолболды ауылында – 428 адам,  Шілікті ауылында 95 адам тұрады. 

Еске сала кетейік, былтыр желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғарту» Ұлттық жобасы аясында Шұға ауылында жаңа медпункт ел игілігіне берілген.