Ақтоғай этно лагерь маусымының жабылуы өтті

Лагерь тәрбиеленушілерінің біріне велосипед табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы Ақтоғай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Беслан Уюкбаев «Ақтоғай этно лагері-2025» салтанатты жабылуына қатысты.
Лагерь меңгерушісі Жандос Қашаубайұлына алғыс хат табыстап, керемет ұйымдастырылған жұмыс үшін ұжымға ризашылығын білдірді. Беслан Уюкбаев лагерьдің балалар мен жастардың ұлттық құндылықтарды тануға, патриоттық тәрбиені нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында қатысушыларға жылы лебіздер айтылып, ұлттық дәстүрлер мен өнердің маңыздылығы жайлы сөз қозғалды.
Іс-шара соңында «AMANAT» партиясы филиалы және «Ауыл тынысы» аудандық газеті атынан, еркін күрестен Қазақстан Республикасының чемпионы Жанна Саденоваға велосипед табысталды. Лагерь тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетіп, ерекше әсер қалдырды.
Ол да – балалар сауықтыру лагерінің тәрбиеленушісі.
– Алты жылдан бері жыл сайын осы лагерьге келіп жүрмін. Маған осы жер өте ұнайды, жыл сайын тек жақсарып келеді. Табиғат жақын, әртүрлі ойын-сауық бар. Бес рет тамақтану, душ, кең корпустар, лагерь кеңесшілері керемет, маған бәрі ұнайды, – дейді спортшы.
«Ақтоғай этно лагері – 2025» биыл да жастардың танымдық және рухани дамуына үлкен серпін берген маңызды алаң ретінде есте қалды.
Естеріңізге сала кетейік, ақтоғайлық лагерьде ұлттық спорт түрлерімен айналысып қана қоймай, қолөнерді үйреніп, бауырсақ пісіріп, тоқыма тоқып, тобиғатты аялауға үйретеді.
Фото: Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімі