Ақтоғайда Заңдағы өзгерістерді түсіндіру үшін көшпелі кеңестер ұйымдастыру ұсынылды
Ауданда «Атамекен» палатасының өңірлік филиалы мүшелері мен аудандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отырысты кеңес төрағасы Қалқаман Жүсіпов өткізді. Кездесуге аудандық филиал директоры, бизнес және аудандық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Жиын барысында Қазақстанның Салық Кодексіндегі өзгерістер, мемлекеттік сатып алу ережелеріндегі жаңалықтар, күзгі дала жұмыстарына дайындық, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий аяқталған соң бизнесті не күтіп тұр деген сияқты мәселелер көтеріліп, талқыланды.
Алдағы жиын-терін туралы айта келе, Ақтоғай ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жылқыбаев қазір жергілікті аграршыларға ЖЖМ жеткілікті көлемде бөлінгенін атап өтті: 1861 тонна.
Отынды сату операторлары – «Парнас» ЖШС және «LF treid» ЖШС. Ақтоғай шаруа қожалықтары бiртiндеп көзделген жанармай мөлшерiн пайдаланады.
Сонымен қатар, Ақтоғай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айнагүл Сқақова қаңтар айында бизнес субъектілерін тексеруге мораторий алынып тасталғанын, бірақ осыған байланысты тексерушілердің келуін күтудің қажеті жоқ екенін еске салды.
Павлодар облысы «Атамекен» палатасының Ақтоғай филиалы кәсіпкерлер аудандық кеңесінің төрағасы мен кеңес мүшелері бизнес субъектілері арасында бизнес мүдделеріне қатысты барлық өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуді және ауылдық округтерде көшпелі кеңестер ұйымдастыруды ұсынды.