Аңшыларға ескерту: Павлодар облысында қандай аңдарды аулауға болады?
Павлодар облысында қысқы аңшылық маусымы келер жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында аңшылар қоян, түлкі мен қарсақ аулай алады. Ал қабан мен Сібір елігін аулауға рұқсат 31 желтоқсанға дейін ғана берілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, биылғы маусымда аң аулауға белгіленген лимит бірнеше жануар түрін қамтиды. Атап айтқанда, 4 752 қоян, 382 түлкі, 102 қарсақ, 42 қабан және 245 елік аулауға рұқсат етілген.
Аңшылыққа қандай құжаттар қажет?
Аң аулауға шығатын азаматтар өзімен бірге аңшы куәлігін, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсатты немесе аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасын алып жүруі керек.
Атыс қаруын қолданып аң аулауға тек 21 жасқа толған азаматтарға рұқсат етіледі. Ал аңшылықтың өзге рұқсат етілген құралдарын, аңшылық иттерді немесе аушы жыртқыш құстарды 14 жастан бастап пайдалануға болады.
Қару мен патрондар азаматтық қару айналымы саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуы тиіс. Оларды тасымалдау кезінде қару оқсыз күйде, арнайы қапта немесе кейсте сақталуы қажет.
– Аңшылық қағидаларында бір рет аң аулауға шыққанда алып жүруге болатын патрондардың бірыңғай саны белгіленбеген. Дегенмен қару мен оқ-дәрілерді пайдалану қолданыстағы заңнама талаптарына сай болуы керек, – деп түсіндірді Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Исатай Абразахов.
Сонымен қатар, өзен құндызы, кәмшат, қаракүзен және ондатра аулау кезінде атыс, пневматикалық және лақтырғыш қаруды қолдануға тыйым салынған. Сондай-ақ сауыт тесетін, тұтандырғыш, жарылғыш әсері бар және ауырлық орталығы ығыстырылған оқтары бар патрондарды пайдалануға болмайды.
Қай жерлерде аң аулауға болмайды?
Әуесқойлық аңшылық тек аңшылық алқаптарға бекітілген учаскелерде және жолдамада көрсетілген аумақ шегінде жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар әр жануар түріне белгіленген аңшылық мерзімдерін сақтау қажет. Сондықтан аңшылыққа шығар алдында учаскенің шекарасын тиісті шаруашылық субъектісінен нақтылап алған жөн.
Павлодар облысында бірқатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аң аулауға тыйым салынған. Олардың қатарында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, «Қызылтау» және «Ертіс өзенінің жайылмасы» мемлекеттік табиғи қаумалдары бар. Сондай-ақ аңшылық алқаптардың резервтік қоры жерлерінде де аң аулауға рұқсат жоқ.
Аңшылық ережесін бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?
Аң аулау қағидаларын бұзған азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 382-бабы және Қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық үшін ескерту немесе айыппұл салу көзделген. Айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға – 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлікке 100 АЕК-ке дейін жетеді.
Ал заңсыз аңшылық салдарынан табиғатқа елеулі залал келтірілсе, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Әсіресе жарылғыш құрылғыларды, жануарларды жаппай қырып-жоятын құралдарды, әуе көлігін, автомобильдерді, қарда жүретін техниканы немесе шағын көлемді кемелерді пайдаланып заңсыз аң аулағандарға жаза қатаңдатылған. Мұндай жағдайда кінәлі адам алты жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар мүлкі тәркіленіп, айыппұл салу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазалары да қолданылуы ықтимал.
2027 жылдан бастап аңшылық тәртібінде не өзгереді?
Келер жылдан бастап аң аулау объектілері саналатын жануарлардың лимиттелетін және лимиттелмейтін түрлерінің жаңа тізбесі қолданысқа енгізіледі. Жаңа тізімге лимиттелетін 17 және лимиттелмейтін 27 жануар түрі енген.
Лимиттелетін жануарлар қатарына қасқыр, қоңыр аю, құну, борсық, сілеусін, қабан, киік және бұлан кіреді. Ал лимиттелмейтін түрлердің қатарында жанаттәрізді ит, түлкі, ақкіс, тиін, ор қоян, шіл, құр және қырғауыл бар.
– Жануарлардың лимиттелетін және лимиттелмейтін түрлерінің жаңа тізбесі 2027 жылдан бастап күшіне енеді. Аңшылар алдағы маусымда осы өзгерістерді ескеруі қажет, – деп атап өтті Исатай Абразахов.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында 36 аңшылық шаруашылығы жұмыс істейді. Оның 33-і сегіз аңшылық шаруашылығы субъектісіне бекітілген. Инспекция мәліметінше, олардың қызметіне қатысты шағымдар түспеген.
Аңшылыққа шығатын азаматтар белгіленген мерзімдерді, аумақтық шектеулерді және жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын қатаң сақтауы тиіс.