Алғашқы дауыс – үлкен жауапкершілік: Екібастұздық түлек Құрылтай сайлауына дайын
Екібастұз қаласының 18 жастағы тұрғыны Фатима Мұратова 23 тамызда өтетін сайлауда алғаш рет өз таңдауын жасап, азаматтық құқығын пайдаланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл ғана мектеп бітіріп, қолына аттестат алған Фатима жуырда он сегіз жасқа толды. Осылайша ол Қазақстан Республикасының толыққанды сайлаушысы атанып, алғаш рет дауыс беру құқығына ие болды. Оның өміріндегі бұл сәт – жай ғана заңмен берілген мүмкіндік емес, азаматтық көзқарастың қалыптасуының маңызды кезеңі.

– Алғаш рет дауыс беру – әрбір жас үшін үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Біз тек бүгін үшін емес, ертеңгі Қазақстан үшін таңдау жасаймыз. Мен елімнің болашағы жарқын боларына сенемін. Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Ал оның алғашқы қадамы – азаматтық міндетімді орындап, сайлауға қатысу деп білемін. Менің арманым – заң саласының білікті маманы болу. Биыл Астана қаласындағы жоғары оқу орнына заңгерлік мамандығына түстім. Заңгер болуды таңдаған соң, Конституция мен заңдарды құрметтеу өзімнен басталуы керек деп есептеймін, – дейді Фатима Мұратова.
Айта кетейік, 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық аясында сайлаушылар тізімі кезең-кезеңімен қалыптастырылуда.
Екінші тамызда тізімдер учаскелік сайлау комиссияларына табысталады. Ал үшінші тамыздан бастап комиссиялар өз жұмысын бастайды. Тізімге дауыс беру күніне дейін 18 жасқа толатын Қазақстан азаматтары да енгізіледі.
7 тамыздан бастап тұрғындар жеке куәлігін көрсетіп, өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады. Басқа адамдардың деректерін қарауға заң бойынша рұқсат берілмейді.
Егер азамат алдын ала басқа елді мекенде дауыс беретінін білсе, тиісті өтініш жазуы қажет. Осыдан кейін ол тіркелген жеріндегі тізімнен шығарылып, уақытша болатын жеріндегі сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
Есептен шығару куәлігі 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін беріледі. Құжат жоғалған жағдайда қайта рәсімделмейді.