Алаяқтар павлодарлық қызды екі миллион теңгесін аударуға көндірген
Әккі қулар қызға телефон арқылы психологиялық қысым көрсеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында патрульдік қызмет атқарып жүрген полиция батальонының қызметкерлері Қамзин көшесінің бойынан жылап келе жатқан қызды байқайды. Қыз оларға 2 миллион теңгені белгілі бір шотқа аударып, «ақшаның шынымен өзіне тиесілі екенін дәлелдеуі» қажет екенін айтқан.
Капитан Дархан Мақажанов пен капитан Еламан Каримовтың жедел әрекетінің арқасында қаржылық шығынның алдын алып, қызды алаяқтардың құрбаны болудан қорғау мүмкін болды.
Қыздың айтуынша, алаяқтар оған психологиялық қысым көрсетіп, ақша өзінікі емес, ұрланған қаражат екеніне сендірген.
– Алдымен белгісіз адам қоңырау шалып, SIM-картамның қолданылу мерзімін ұзарту қажеттігін айтты және кодты жіберуді сұрады. Кейін менің нөмірім арқылы екі шот ашылып, оған алаяқтар ақша аударып жатқанын хабарлады. Маған барлық жинаған қаражатымның өзіме тиесілі екенін «дәлелдеуім» керектігін, әйтпесе бас бостандығымнан айырылуым мүмкін екенін айтты. Әңгімелер біраз уақытқа созылып, мен абдырап, қатты қобалжыдым. Үйден шығып, банкке өз шотымдағы 2 миллион теңгені белгісіз адамдар көрсеткен шотқа аудару үшін бет алдым, – деп еске алады қыз.
Бақытына орай, жолда полицейлер кездесіп, оны тыңдап, сабырға шақырған. Әрі алаяқтықтың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдаған. Олар дереу тексеру жүргізіп, банк ұйымдарына хабарласып, арудың атына ешқандай кредиттік міндеттемелер рәсімделмегенін анықтаған. Қайтадан алаяқтық әрекеттердің жасалуына жол бермеу үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы «Стоп-кредит» қызметін қосуға көмектескен. Бұл енді қыздың келісімінсіз несие рәсімдеу мүмкіндігін болдырмайды.
Тәртіп сақшылары азаматтарды тағы да қырағы болуға, алаяқтардың арбауына түспеуге және күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу полицияға жүгінуге шақырады.
Айта кетелік, жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтықтың 1337 фактісі тіркелген. «Anti-fraud» және «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында SIM-карталарды заңсыз іске қосумен және ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан адамдар ұсталды.
Заңсыз айналымнан 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 абоненттік SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді.
Жалпы, интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33-ке жуық адам ұсталды. Олардың ішінде үшеуі – кәмелетке толмаған жасөспірім.