Асайын Байханов ағымдағы жылға арналған жоспарларымен бөлісті
Биыл тұрғын үй құрылысының ұлғаюы жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы облыстық кеңес алдында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндады.
Облыста барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. 2023 жылы өңір экономикасына 965 миллиард теңге инвестиция тартылды – бұл 2022 жылмен салыстырғанда 26%-ға көп. Бұл ретте жеке салымдардың үлесі 90% немесе 854 миллиард теңгені құрады.
Инфрақұрылымдық мәселелерге ерекше назар аударылды. Негізгі жабдықтың 40 бірлігі жөнделіп, 73 шақырымнан астам жылумен жабдықтау желілері қайта жаңартылды. Екібастұз ЖЭО-дағы барлық 10 қазандық агрегат жөнделді, 11 километр жаңа техникалық су құбырының құрылысы жүргізілді, 5,4 километр магистральдық жылумен жабдықтау желілері қайта жаңартылды.
Асайын Байханов тұрғындардың қажеттіліктеріне қатысты өзекті мәселелерге жекелей тоқталды. Өңір басшысы барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын атап өтіп, орташа жалақыдан төмен еңбекақы алатын қызметкерлердің табысын арттыру қажеттігіне назар аударды. Облыс әкімі бейінді басқармаға «Халықтың табысын арттыру бағдарламасы» кешенді жоспарының іске асырылуын бақылауға алуды тапсырды.
Биылғы жылдың бюджеті әлеуметтік салаға бағдарланған: әлеуметтік салада 157 жобаны іске асыру жоспарланған. Облыс бюджетінің жалпы көлемі 537,9 миллиард теңгені құрап, осы кезеңге 16,1%-ға артты.
– Адамға бағдарлану – биылғы бюджеттің негізгі бағыты, – деп атап өтті өңір басшысы.
Облыс әкімі маңызды және өзекті мәселелердің бірі ретінде тұрғын үймен қамтамасыз етуді атады.
– Бұл еңбек және ресурстарды қажет ететін мәселе. Дегенмен, 2023 жылы жалпы ауданы екі мың шаршы метр болатын 14 көппәтерлі тұрғын үй салынды. Нәтижесінде біз кезекте тұрғандардың санын 1 611 адамға азайта алдық. Бұл соңғы алты-жеті жылдағы кезектің ең ауқымды қысқаруы және биыл тұрғын үй құрылысын ұлғайтуды жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.
Отырыс барысында экологиялық жағдайды жақсарту, газдандыру, көпір салу, туризмді дамыту мәселелерін көтерген жұмыс-сараптамалық топтардың басшылары сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері Асайын Байхановтың 2023 жылы атқарған жұмысына оң баға берді. Қоғамдық кеңес облыс әкімінің есебін бірауыздан мақұлдады.