Асайын Байханов: Екібастұз тұрғындары қыста жылусыз қалмайды
Екібастұздағы апатты болдырмау үшін қалада ауқымды жұмыстар бес бағыт бойынша жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
– Былтырғы жылғы жылыту маусымындағы қиын жағдайдан кейін өңірде инженерлік инфрақұрылымын жаңарту басым бағыттардың бірі болып табылады. Екібастұздағы жағдайды қайта болдырмау мақсатында бес бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда, – дейді Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де өтіп жатқан баспасөз конференциясында.
Аймақ басшысының сөзінше, Екібастұз қаласы төтенше жағдайды батырлықпен өткерді. Қазіргі таңда жылумен жабдықтау жүйесін ауқымды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Екібастұз ЖЭО-да екі қазандық жөнделді, қалған сегіз жөнделуде. Барлық қажетті материалдар мен жабдықтар сатып алынған, жеткізу және монтаждау жүріп жатыр.
– Екібастұздықтар жылусыз қалмайды деп айта аламын. Соңғы 10 жылда алғаш рет Екібастұзда 690 көп пәтерлі тұрғын үйдің ішінен 570 үй қысқы жылыту кезеңіне дайындық актілерін алды. Екібастұз қаласының жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары жаздың аяғына дейін аяқтауға жақын. Жылу желілері де жаңартуды қажет етеді, сондықтан төрт магистральдік желіні қайта құрамыз. Бұл учаскелер бойынша жұмыстар 60% аяқталды, – дейді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, Асайын Байханов «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» аясында екі жыл ішінде 15 мың ауыл тұрғыны үшін 30 жаңа медициналық нысан салу жоспарланғанын атап өтті.
Фото: Константин Шелков