Асайын Байханов көшпенділер ойындарында ел намысын қорғаған спортшыларға алғыс білдірді
Павлодар облысында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан намысын абыроймен қорғаған спортшылар марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Дала олимпиадасы» деп аталатын дүбірлі додаға 109 ұлттық құрамадан 3 мыңнан астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орын иеленді. Бұл нәтижеге павлодарлық спортшылар да зор үлес қосты.
Облыс әкімі Асайын Байханов жерлестерімен кездесіп, олардың шеберлігі мен жеңіске деген жігері үшін алғысын білдірді.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спортшылардың рухының мықтылығы мен жеңіске деген ұмтылысын ерекше атап өтті. Сіздер облысымыздың ғана емес, Қазақстанның намысын абыроймен қорғадыңыздар. Әрбір жеңіс - барша Павлодар өңірі үшін зор мақтаныш. Осы нәтижеге қосқан үлестеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын, - деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында асық атудан жүлдеге ие болған Қуаныш Қабылдаға және овари ойынынан үздіктер қатарынан көрінген Ардақ Қанапашевке Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ мықты сәйгүліктерді дайындаған ат иесі Иемберген Қуантаев та марапатталды.


Тоғызқұмалақтан жеке және командалық есепте алтын медаль жеңіп алған, Ертіс ауданының тумасы Ерасыл Ауталиповқа, сондай-ақ қола жүлдегерлер Қуаныш Қабылдаға, Ардақ Қанапашевке және Ернұр Мерешевке Павлодар облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Спортшыларды даярлауға қосқан үлесі үшін жаттықтырушылар Арыстан Қапаев, Жомарт Рахымбердиев, Эдуард Ахмолдин, Қанат Долотбаков, Халибек Хуан және Серік Ақтаев марапатталды.

Жоғары спорттық нәтижелері үшін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері мен қатысушыларына ақшалай сертификаттар да табысталды.