Асайын Байханов су басу қаупі бар жерлерді әуеден тексерді

Асайын Байханов су басу қаупі бар жерлерді әуеден тексерді
Фото: Валерий Бугаев

Тәуекелдер анықталып, бақылауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Баянауыл ауданының Ащысу, Айдос, Бала-Шідерті, Қарасу өзендерінің алқаптарындағы, сондай-ақ Қарағанды облысымен шектесетін аумақтардағы су басу қаупі бар жерлерді әуеден тексеріп өтті.

– Күннің күрт жылынуы таудан аққан және еріген сулардың қозғалысына байланысты өзендердегі су деңгейінің көтерілу қаупін арттырады. Қарағанды облысының басшысы Ермағанбет Бөлекбаевпен бірлесіп Баянауылға ықтимал қауіп төндіретін осы өңірдің «Ақжар» және «Қаратоқа» бөгеттеріне тексеру жүргіздік. Жергілікті жерде су деңгейінің күрт көтерілуі және толып кеткен жағдайдағы бірлескен іс-қимыл алгоритмі келісілді. Барлық гидротехникалық құрылыстардың штаттық режимде жұмыс істейтініне көз жеткіздік, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Сондай-ақ, әуеден барлау кезінде өзен арналары, қардың еріп бастаған орындары, еріген сулардың қозғалысы мен жиналуы, елді мекендердің жанындағы бөгеттер мен жер жұмыстары қаралды.

Әуеден зерттеу ықтимал тәуекелдер анықталды және тиісті шешімдер қабылданды.

Жалпы, су тасқыны қаупі бар аймақтарға жасалған мониторинг жағдайдың бақылауда екенін көрсетті. Бұл жұмыс жалғасуда.