Асайын Байханов өңірлік инвестициялық штабтың жұмысын қайта қарауды тапсырды

Асайын Байханов өңірлік инвестициялық штабтың жұмысын қайта қарауды тапсырды
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының әкімдігінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша жиналыс өткізді.

Қалалар мен аудан әкімдерінің, басқармалардың қатысуымен барлық 10 бағыт бойынша «Өңірлік іс-қимыл жоспары» талқыланды. Экономикалық блоктың есебін тыңдап, өңір басшысы әкімдердің назарын блоктық бюджетке және бюджетті нақты әкімшілендіруге аударды.

Нәтиже бермейтін бағдарламаларды қысқарту қажет. Бюджеттік жүйе көбінесе нақты нәтижелерге қол жеткізуден гөрі бюджет қаражатын игеруге бағытталған. «Бюджетті басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» көшіңіздер, – деді аймақ басшысы. 

Сондай-ақ, облыс әкімі салық кодексі бизнес-белсенділікті және кәсіпкерлерді бизнесін ұлғайтуға ынталандыруы тиіс екенін еске салып, қосымша құн салығының түрі және облыстық бюджетке беру жоспарланып отырған басқа да салықтар бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Талқылаудың маңызды бөлігі жеке инвестицияларды тарту, облыстағы нақты жобалар пулын анықтау болды. Облыс әкімі өңірлік инвестициялық штабтың жұмысын қайта қарауды тапсырды. 

Сонымен қатар, Асайын Байханов агроөнеркәсіптік кешен қайта өңдеуді дамытуға бағдарлануы тиіс екенін және бүгінгі таңда бұл басты міндет екенін атап өтті. Ұлттық жобаларды іске асыру, азаматтарды әлеуметтік қолдау, облыстың суару жүйелерін қалпына келтіру, коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту, көліктік-логистикалық әлеуетті нығайту маңызды болып айқындалды. 

Прогресс реформалар арқылы келеді. Сіздерден халық игілігі үшін батыл әрі қажетті ұсыныстарды күтемін. Перспективалы бағыттарға басымдық берілуі тиіс, – деп талап етті облыс әкімі.

Мемлекеттік органдарға үш күн мерзімде Мемлекет басшысының міндеттерін орындаудың нақты жоспарын дайындау тапсырылды.