Асық ату, би жарысы: Павлодарда кешкі арбат қызыққа толы болды
Шарада оннан астам көрме қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Достық үйінің 15 жылдығына орай ұйымдастырылған кешкі арбатта түрлі ұлт өкілдері өздерінің ұлттық, мәдени құндылықтарын көрсетіп, көрмеге түрлі бұйымдардың жиынтығын қойды. Сондай-ақ, іс-шараға әншілер мен қолөнершілер де атсалысты. Жастар гитарамен ән айтып, K-pop стиліндегі би жарысын ұйымдастырды.
– Орталығымыздың 15 жылдығына орай әр айдың 15-ші жұлдызында түрлі мерекелік іс-шара ұйымдастырып отырамыз. Бүгін «Кешкі арбат» шарасын ұйымдастыруды жөн көрдік. Арбатта 15-ке жуық көрме алаңы ұйымдастырылды. Оған беларусь, кәріс сынды ұлттардың бірлестігі қатысып отыр. Сонымен қатар, асық атудан, барабан ойнаудан шеберлік сағаттары өтуде. Шараның бір ерекшелігі – фотокөрме. Бұл фотолардан өздерін танып жатқан тұрғындар болса, суретті алып кетуге рұқсат етіледі, – дейді Достық үйінің басшысы Нұрия Көбенова.
Шарада жас қолөнершілер де орын тапты. Солардың бірі – Айсұлу Назымбекқызы. Екі баласның анасы қолдан сөмкелер жасап, саудамен айналысады.
– Бұл саламен айналысып жатқаныма үш жылдың жүзі болды. Бұл мен қатысып отырған алғашқы көрме. Арбат ұйымдастырылатынын білген соң қатысуды жөн көрдім. Мен моншақтардан қыз балалардың сәнді сөмкелерін жасап, көрмеге алып келдім. Бір сөмкені жасауға 6 сағаттай уақыт кетеді, – дейді қолөнерші Айсұлу Назымбекқызы.
Сондай-ақ, көрмеге этномәдени бірлестіктердің аспаптары қойылып, би жарыстары да ұйымдастырылды. Егде жастағы музыканттардан құралған баян оркестрі ән шырқап, көңіл көтерді. Жастар да өнерден құр еместігін көрсетіп, гитарамен ән салды.