Ауылдағы жағалау – қаладағыдай: Тереңкөлде жаңа демалыс аймағы ашылды

Ауылдағы жағалау – қаладағыдай: Тереңкөлде жаңа демалыс аймағы ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауданда Ертіс жағалауы толықтай жаңартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтовтың мәлімдеуінше, «Ertis Promenade»-тың үлгісімен Тереңкөл ауылында өзен жағалауында концерттік сахна, субұрқақ пен балалар ойын алаңы салынды.

– Облыстық бюджеттен бөлінген 100 миллион теңгеге жағалау қайта жаңғыртылды. Енді бізде өзіміздің шағын «Ertis Promenade» бар. Әр сенбі және жексенбі күндері мұнда ауданның 12 ауылдық округінен келген шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді. Аудан орталығында шамамен сегіз мың адам тұрады, сондықтан мұндай қоғамдық кеңістіктің маңызы зор, – дейді аудан басшысы. 

Сондай-ақ ауылдың Ертіс жағалауында Павлодардағыдай балаларға арналған бассейн де жабдықталған. Жаз мезгілінде онда күн сайын 150-ге жуық бала демалған. 

Еске сала кетейік, Тереңкөл ауданында инвестиция көлемі артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 21,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 141,9 пайызға артқан. Инвестициялардың 94,8 пайызы жеке салымдар есебінен жүзеге асырылған.