Ақсу ауылдық аймағында батып кеткен понтон көпірі қалпына келтірілді
Көпір арқылы техникалар өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қанаш Қамзин ауылдық округінің Көктас ауылындағы салмағы 110 тонна болатын понтон көпірі өзен түбінен көтерілді. Ол жағаға шығарылып, қалпына келтіріліп, қайта орнатылды. Бұл туралы Ақсу әкімі Нұрлан Дүйсенбинов өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
– Понтон көпірін қалпына келтіруге көрсеткен көмегі үшін қаланың екі қала құраушы кәсіпорын басшылығына – «ЕЭК» АҚ және Ақсу ферроқорытпа зауытының басшылығына алғыс айтамын,– деп жазды қала әкімі.
Еске сала кетейік, шілдеде Көктас ауылында понтон көпірін батып кеткен болатын. Жаңа понтон көпірін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген еді.
Бүгінде қалпына келтірілген көпірмен Белая өзені арқылы техника жағалаудың ар жағына өте алады.