Ақсу электр станциясында апаттық сөну орын алды

Ақсу электр станциясында апаттық сөну орын алды

Салдарынан қаланың тең жартысы мен екі ауылы жарықсыз қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, апаттық сөну Ақсу электр станциясында бүгін, яғни 7 маусым күні сағат 9:40-та 1,2,3,4 энергия блоктарында орын алды. 

- Бұзылудың алдын ала себебі анықталды. Мұнда электр жүйесіндегі сыртқы фактор әсер еткен. Мұнда байланыс конденсаторы бұзылды. Осының салдарынан 220 және 110 кв ашық тарату құрылғысы сөніп қалды. Зардап шеккендер жоқ, - делінген хабарламада.

Аталған жағдайға байланысты қаланың тең жартысы мен екі ауылдық округ атап айтқанда М.Омаров атындағы және Евгеньевский ауылдары электр қуатынсыз қалды. Көп ұзамай,  26 минуттан кейін электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді.

18:00-де 1,2,3 энергоблоктары іске қосылды. Қазір 4-ші энергоблокты іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Жұмыстар штаттық режимде жүргізілуде.

Жарық мәселесі уәкілетті органдар мен "ERG" компаниясының басшылығының бақылауында. Әрі қамтамасыз ету объектілері штаттық апатсыз режимде жұмыс істейді.

Айта кетелік, Ақсу мемлекеттік электр станциясы КСРО Министрлер Кеңесінің 1954 жылғы 23 маусымдағы №1240 қаулысына сәйкес құрылды.