Ақсуда кірпіштері құлап түскен үйдің тұрғындары басқа баспанаға көшуі мүмкін

Ақсуда кірпіштері құлап түскен үйдің тұрғындары басқа баспанаға көшуі мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар маңызды шешім қабылдау үшін әкімдіктен уақыт сұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ақсу қаласының әкімдігінде дауылды желдің салдарынан зардап шеккен Ы. Алтынсарин көшесі, 4 және 4/1 мекенжайындағы үйлердің тұрғындарымен кездесу өтті.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша кездесуде тұрғындарға құрылыс сараптамасының қорытындысы таныстырылып, тұрғын үйлерді қалпына келтірудің бірнеше нұсқасы талқыланды.

– Оларға үш ықтимал нұсқа ұсынылды. Біріншісі – үйлердің құрылымдарын күшейтіп, ағаш жабындарын орнату арқылы қалпына келтіру. Жұмыс мерзімі - 1,5-2 айға созылмақ. Басқа шешім – техникалық сараптамаға сәйкес екінші қабатты бұзып, плиталық жабындармен толық қалпына келтіру. Жұмыс мерзімі - 7-8 айды талап етеді. Ал соңғы нұсқасы – қазіргі пәтерлерден бас тартып, тұрғын үй кезегіне тұру арқылы кейінен басқа баспана алу мүмкіндігі, – деді қала әкімдігінде.

Тұрғындар барлық ұсыныстарды мұқият тыңдап, шешім қабылдау үшін уақыт сұрады. Соның нәтижесінде тұрғындардың қабылдаған шешімі 15 шілдеге дейін болатын қайта кездесу барысында бекітіледі.

Еске сала кетейік, 19 маусым күні өңірде жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жететін дауылды жел тіркелді. Дауылды жел инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіріп, электр қуатының өшуіне әкелді және халық арасында жарақат алу жағдайлары тіркелді. Ақсу қаласы жойқын дауылдың эпицентрінде болды. Жалпы 61 көпқабатты, 102 жеке тұрғын үйдің, 16 әлеуметтік нысанның, 48 заңды тұлғаның шатырлары қирады. 250-ден астам ағаш құлады. Сондай-ақ, Дөнентаев көшесі, 46 үйінің төбесіне кран мұнарасы құлады. Ал, Ы. Алтынсарин көшесі, 4 және 4/1 мекенжайындағы тұрғызылған жаңа үйлердің кірпіштері желмен ұшырып кетті.