Ақсуда құбырдың жарылуы аурухананың қабырғаларын бұзды
Мәселе шешімін табуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік желіде Ақсу қалалық аурухананың мүшкіл жағдайына шағымы бар бейнеүндеу жарияланды. Желі қолданушы медициналық нысанға кіріп, науқастар қандай ғимаратқа ем алу үшін бара жатқанын түсірді.
– Осында адамдар рентгеннен өтеді, анализдер тапсырады. Бұл жердің сұмдық жағдайын көріңіздер. Қабырғалар бұзылып бара жатыр, құбырлар ағып кеткен, – деді тұрғын.
Бұл ретте аурухананың әкімшілігі мәселенің барын жасырмайды.
– Жылумен жабдықтау жүйесіндегі құбырдың жарылуы нәтижесінде стационардың №1 корпусының 1-ші қабатының оң қанаты дәлізінің қабырғасы су астында қалды. Қазіргі уақытта зақым жойылды. Қабырғаларды тазарту және сылау жұмыстары жүргізілді. Кептіру аяқталғаннан кейін 7 қарашада бояу жұмыстары қолға алынады. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік үшін алғыс айтамыз, – деді ауруханада.
Еске сала кетейік, биыл сәуірде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков аталмыш ауруханаға барған болатын. Өткен жылы аурухана 500 миллион теңгеден астам құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінгі таңда жабдықталу деңгейі 93 пайызды құрап отыр. 1971 жылы салынған ғимарат жаңғырту жұмыстарын қажет етеді – жұмыс істейтін блокты кеңейту, шатырды ауыстыру, перзентхана мен отбасылық денсаулық орталығын жөндеу, аумақты абаттандыру және жабық галерея салуды қамтитын ауқымды қайта құру жоспарланған.