Аққулы ауданында экологиялық талаптарды бұзған сегіз әкім жазаланды
Олар 2 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Экологиялық кодекстің 13-бабының 4-тармағына сәйкес табиғатты сақтау және оның ресурстарына ұқыпты қарау барлық жеке және заңды тұлғалардың парызы әрі міндеті болып табылады.
Прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде Аққулы ауданының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың жиырмадан астам полигоны анықталды. Олардың ешқайсысында қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаты болмаған.
Экологиялық-санитариялық талаптарға сәйкессіздіктер анықталды. Бұдан бөлек, нормативтік-техникалық құжаттаманың жоқтығы, қоршаған ортаға теріс әсердің алдын алу үшін жинақталған қалдықтардан түзілетін фильтрат пен ағын суларды бақылау жүйесінің жолға қойылмағаны белгілі болды.
– Өздігінен пайда болған полигондар қоқыс газының шығарындыларын бақылау жүйесімен жабдықталмаған. Анықталғандай, олар коммуналдық қалдықтарды бақылаусыз орналастыру салдарынан пайда болған. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан коммуналдық қалдықтарды басқару кезінде экологиялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілмеген, - делінген хабарламада.
Нәтижесінде сегіз ауылдық округтің әкімі әкімшілік жауапқа тартылды. Олар жалпы сомасы 1,7 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.