Аққулы ауданында орын алған орман өрті сөндірілді

Аққулы ауданында орын алған орман өрті сөндірілді
Фото: ТЖД

Өрттің шығу себебі анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

7 шілде күні сағат 15:50-де Аққулы ауданындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орманның қылқан жапырақ қабаты жанғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Үйлесімді әрі жедел әрекеттердің арқасында өрт оқшауланып, жалынның үлкен аумаққа таралуына жол берілмеді.

Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің 34 қызметкері мен 7 бірлік техникасы, сондай-ақ орман шаруашылығы мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды.

Жалын жалпы аумағы 2,6 гектар аумақты шарпыған. Төтеншеліктер отты  7 шілде күні 18:41-де оқшаулап, толықтай 8 шілде күні сағат 10:24-те сөндірді. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталуда.

Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпті кезеңде орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтауды ескертеді. 

Тұрғындардан қауіптің алдын алу үшін өрт туралы 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарлау сұралады.