Аққулы ауданында суып кеткен мектепте жылу қалпына келтірілді
Кабинеттердегі температура қысқы демалыс күндері төмендеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлеуметтік желіде Ямышев ауылындағы мектеп суып кеткені туралы шағым жарияланды. Автордың пайымдауынша, өткен жылдың желтоқсан айында балалар сабақ үстінде күртеше киіп отырды.
– Мектептің жылыту қазандығына балабақша мен клуб қосылған. Яғни, қазандықтың күші барлық үш ғимаратты жылытуға жетпейді. Тартпайды. Ал мұғалімдер бізге «Аяқ киім ауыстырмай, жылы киініп келіңіздер. Жылытқыштарды қосқаннан кабинет 17-18 градусқа дейін қыздырылады. Орындықтардың үстіне жастықшалар немесе кішкентай көрпелер әкеле аласыздар» деген болатын, – деп жазды желі қолданушысы.
Аталмыш жағдайға қатысты Ямышев мектебінің директоры Бағдат Балгина түсінік берді.
– Мектепте демалыс кезеңінде температураның төмендеу фактісі тіркелді. Оған ыстық судың болмауы себеп болған. Ақауды жою үшін дереу мамандар шақырылды. Бұл жағдай оқушылар үшін мерекелік, демалыс күндері орын алды. Сөзсіз, мектеп салқындады, бірақ бұл оқушылардың денсаулығына әсер етпеді, – деді Бағдат Балгина.
Салқындаған мектепке аудан әкімі, тиісті ұйымдар барған болатын. Күні бойы қызметтер жедел түрде жою жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі таңда мектепте жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Мектеп ғимаратының кабинеттеріндегі температура 20-21 градусты құрайды. Сабақтар басталып кетті.