Аққулы ауданы мектебінде Әбілқайыр Баймолдинге мұражай ашылды
Тақыр негізгі жалпы орта білім беру мектебінде тұсаукесері өткен мұражайда Ұлы Отан соғысы қатысушысының жеке заттары қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Құралай Аманбаеваның айтуынша, мұражайды ұйымдастыруға мектеп директорының міндетін атқарушы Марат Сапаров пен ұжымы, ауылдың белсенді тұрғындары бастама білдірген. Сондай-ақ «Ерсұлтан», «Асхат», «Эльдар» сынды шаруа қожалықтары атсалысып, демеуші болған.
– Мұражайға Невель қаласын азат етуге атсалысқан батыр, әскери қайраткер, полковник Әбілқайыр Баймолдиннің Невель қаласынан әкелінген жеке заттары қойылды. Жәдігерлердің ішінде қасық, күрек, оқ, минаның бөлігі, жарылған мина, су ішуге арналған сарбаз торсығы, сарбаз каскасы, оқсауыт және басқа да заттар бар, – дейді Құралай Аманбаева.
Сондай-ақ Дина Игсатованың «Әбілқайыр Баймолдин – нағыз қолбасшы» атты кітабы, 1984 жылы Мәскеуде Берікболат Қанашев курстық жұмыс ретінде майлы бояулармен салған батырдың портреті әкелінген. Жәдігерлерді ел азаматы Сұңғат Тапалчинов жеткізген.
Тақыр негізгі жалпы орта білім беру мектебі 1992 жылы ашылған. Білім ордасында қазақ тілінде 31 бала білім алуда.
Қазақтан шыққан тұңғыш кадрлық офицер Әбілқайыр Баймолдин 1909 жылы Аққулы ауданының Тақыр ауылында дүниеге келген. 1931 жылы 49-атты полк мектебінде әскери білім алған балаң жігіттің бұдан кейінгі ғұмыры тек әскери өмірмен ұштасады. Бірінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетіп, медальмен марапатталған. Соғыс басталған уақытта Алматыда жасақталған 100-ші атқыштар бригадасы командирінің орынбасары қызметін атқара жүріп, Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысқан, КСРО-ның батыс аймақтарындағы шайқастарда ерлік көрсеткен.
Екінші дүниежүзілік соғыста Совет одағының батыры Мәншүк Мәметова және атақты мерген Ибрагим Сүлейменовтермен бірге жауға қарсы тұрып, Мәскеу түбіндегі Невель қаласын азат етуге қатысқан. 1944 жылы Невель қаласының солтүстігінде болған қанды қырғында қасынан снаряд жарылып, қаза тапты.