Аңызға айналған мәнерлеп сырғанаушының анасы павлодарлықтарды құттықтады

Аңызға айналған мәнерлеп сырғанаушының анасы павлодарлықтарды құттықтады
Фото: Константин Шелков

Облыс орталығында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл спорт түрінен алғаш рет өткен ұлттық чемпионат қаланың спорттық және мәдени өміріндегі нағыз айтулы оқиғаға айналды. Жарыс «Астана» мұз сарайында өтті. Оған он бір облыстан спортшылар қатысты.

Барлығы жоғары деңгейде өтті. Мұны Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және аңызға айналған мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің анасы – Оксана Тен де мойындады.

- Павлодарда алғаш рет ұлттық чемпионатты өткізу сіздің қалаңыз үшін үлкен жетістік деп санаймын. Ол жоғары деңгейде өтті: тамаша пікірлер, тамаша нәтижелер. Павлодарды Мария Санникованың Қазақстан чемпионатындағы алғашқы медалімен құттықтаймын. Біз оның жеңістерінің жалғасын асыға күтеміз, - деп Оксана Тен тіледі.

Павлодарлық қола жүлдегер небәрі 12 жаста. Мария Санникова өз нәтижесіне риза болды. Оны Қазақстан кубогы күтіп тұр.

Ұлттық чемпионатты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті, Қазақстан мәнерлеп сырғанау одағы, Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт департаменті және Павлодар облысының мәнерлеп сырғанау федерациясы ұйымдастырды.

Ашылу рәсімінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова мемлекеттік саясат спортты дамытуға және жан-жақты қолдауға бағытталғанын атап өтті.