Бір шаңырақ, бір әуен: Павлодарлық Ким отбасы

Бір шаңырақ, бір әуен: Павлодарлық Ким отбасы

Юрий Кимнің отбасында музыка – жай ғана мамандық емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өмір салты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Отағасы – «Лад» ансамблінің артисі Юрий Ким, жары Ирина Кондрашова – Павлодар музыкалық колледжінің концертмейстерлер бөлімінің меңгерушісі, ал ұлдары Леонид – симфониялық оркестрдің скрипкашысы. Үш музыкант, үш түрлі мінез, бірақ барлығына ортақ бір тіл бар. Ол – музыка.

Юрий Кимнің өнерге деген сүйіспеншілігі бала кезінен басталған. Әкесі әуесқой музыкант болғанымен, скрипка мен мандолинада ойнаған. Үйде үнемі музыка ойнап тұратын. Ал болашақ өнер иесінің алғашқы музыкалық әсерлерінің бірі ескі грампластинкалар арқылы қалыптасты.

- Бала кезімнен музыкаға жақын өстім. Жақсы музыканы грампластинкалардан тыңдағанды ұнататынмын. Сол кезден бастап өнердің осы түріне деген сүйіспеншілігім қалыптасты, – деп еске алады Юрий Ким.

Жылдар өте музыкалық талғамы да өзгерген. Мектеп кезінде рок-музыкаға әуес болса, кейін классикалық музыкаға ден қойған. Дегенмен кәсіби музыканттар отбасында тек классика ғана тыңдалады деу қиын. Юрийдің айтуынша, үйде сербтердің халық әндерінен бастап AC/DC тобына дейін түрлі музыканы тыңдауға болады. Кейде отбасы мүшелері бір-біріне жаңа шығармалар мен орындаушыларды таныстырып, музыка жайлы пікір алмасады.

Ал ұлы Леонид әулеттің музыкалық жолын жалғастырды. Ата-анасы оған ешқашан міндетті түрде музыкант болуды талап етпеген. Керісінше, әр бала өз қабілетіне қарай мамандық таңдауы керек деп есептейді. Алайда Леонидтің таңдауы бала кезінен-ақ анық болған.

- Біз оған: «Мүмкін, басқа нәрсемен айналысып көрерсің?» деп те айттық. Ал ол: «Жоқ, тек скрипкада ойнаймын», – деді, – дейді әкесі.

Скрипка – аса нәзік әрі күрделі аспап. Мұнда бір ғана қателіктің өзі дыбыстың тазалығына әсер етеді. Сондықтан музыканттан дәл есту қабілетімен қатар, дыбысты сезіну, үлкен еңбек пен төзім талап етіледі. Бүгінде Леонид музыкалық жоғары білім алып, Торайғыров университетінде «Орындаушылық өнер» мамандығы бойынша білімін жетілдіруде. Сонымен қатар Павлодардың симфониялық оркестрінде өнер көрсетеді.

Леонидтің әрбір концерті отбасы үшін ерекше. Әкесі мен ұлы бірге концерттерге барып, оркестрдің орындауын тыңдайды, музыкалық шығармаларды талқылайды. Кейде Юрий ұлына кәсіби кеңес бергісі келгенде, Леонидтің кейбір дүниені өзінен де жақсы білетініне көзі жетеді. Музыканттар отбасындағы мұндай қарым-қатынас сыннан гөрі қолдауға негізделген.

- Біздің ортада бір-бірімізді сынағаннан гөрі, көмектесуге тырысамыз. «Мына жерін былай орындасаң жақсырақ болады» деп ақыл қосамыз. Бұл – музыканттардың бір-бірімен сөйлесуінің қалыпты түрі, – дейді Юрий Ким.

Бұл отбасындағы музыкалық сабақтастық Ирина Кондрашованың өмір жолынан да анық көрінеді. Ол Павлодар музыкалық колледжінде еңбек етіп, вокалистер мен дирижерлерге сабақ береді. Сонымен қатар концертмейстерлер бөлімін басқарады.

Иринаның өнерге жақындығы да бала кезінен қалыптасқан. Оның әкесі Анатолий Кондрашов – Павлодардың музыкалық өмірінде өзіндік із қалдырған өнер адамы. Алматы консерваториясын тәмамдап, Павлодарға жолдамамен келген ол музыкалық училищеде аралас хордың негізін қалап, жиырма жылдан астам уақыт оның жетекшісі болды. Кейін филармонияда еңбек етіп, «Пионерия» балалар хорын басқарды.

Бір қызығы, Иринаның өзі де кезінде осы хорда ән салған. Бүгінде әкесінен қалған ноталар мен музыкалық мұра оның үйінде сақтаулы. Осылайша, бір кездері сахнада хор құрамында ән айтқан қыз бүгінде жас музыканттарға өнердің қыр-сырын үйретіп отыр.

Кимдер отбасында музыка тек концерт залында ғана өмір сүрмейді. Ол үйдегі әңгімеде, бірге тыңдалған шығармада, бір-біріне берілген кеңесте, кейде жай ғана аспапқа отырып, сүйікті әуенді орындаған сәтте жалғасады. Бұл шаңырақта өнер балаға дайын тағдыр ретінде ұсынылмайды. Мұнда оған деген сүйіспеншілік беріледі. Ал одан әрі әркім өз жолын, өз әуенін таңдайды. Бірақ сол әуендердің барлығы қосылғанда, Кимдер әулетінің ортақ әуені естіледі. Ол – отбасы, өнер және ұрпақтар сабақтастығы туралы жылы әуен.

Фото: автор және облыстық филармония баспасөз қызметі