Балалар – штурвалда: павлодарлық «Фарватер» халықаралық жобаға айналуы мүмкін

Балалар – штурвалда: павлодарлық «Фарватер» халықаралық жобаға айналуы мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ертістегі жүзбелі академияға Ресейдің оқушылары мен педагогтерін қосу ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс: достық өзені – даму өзені» II халықаралық форумында «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің директоры Александр Вервекин Ертіс өлкетану академиясы «Фарватердің» географиясын кеңейту бастамасын көтерді. Жобаға Ертіс пен Обь бойындағы Ресей өңірлерінің балалары мен ұстаздарын шақыру ұсынылды.

«Фарватер» Павлодарда 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Жыл сайын жазда екі палубалы теплоход бір аптаға жүзбелі мектепке айналады. Балалардың жобаға қатысуы тегін.

Теплоход бортында балалар география, өлкетану, тарих, экология, туризм, картография, гидрология, геология, археология, ботаника және өзге де пәндерді оқиды. Александр Вервекиннің айтуынша, бағдарлама барлығы 15 пәнді қамтиды.

Мұндағы оқу кәдімгі сыныптағы сабақпен шектелмейді. Балалар капитанмен бірге штурвалға тұрып, теплоходты басқарудың негіздерімен танысады. Сонымен қатар капитан, аға көмекші және матрос сияқты өзен мамандықтары туралы алғашқы түсінік алады.

– Біз 15 пән деп есептейміз, бірақ негізі 16 деуге болады. Себебі балалар капитанмен бірге штурвалға тұрып, теплоходты басқаруды үйренеді. Алайда, кейбір кішкентай қатысушыларымыздың бойы штурвалға әлі жете бермейді, – деді Александр Вервекин әзілдеп. 

Теория бірден тәжірибемен бекітіледі. Оқушылар жағаға шығып, тапсырмалар орындайды, Ертістің акваториясын зерттейді, жайылмадағы өсімдіктерді, жәндіктер мен құстарды бақылайды. Сондай-ақ өндірістік кәсіпорындарға, көпірлерге және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға назар аударады.

Бағдарламада «Ертіс өзенінің жайылмасы» мемлекеттік табиғи қаумалы мен «Қаздар қайтуы» табиғи ескерткіші де қамтылған. Жүзбелі мектептің өз дәстүрлері де қалыптасқан. Александр Вервекин балалар үшін сабақтан бөлек тағы бір маңызды сәт барын әзілмен жеткізді.

– Академияға қатысатын балалардың пікірінше, ең маңыздысы – теплоходтағы түскі ас, – деді ол.

«Фарватердің» географиясы қазірдің өзінде Павлодар қаласымен шектелмейді. Әр жылдары академияға Екібастұз, Ақсу, Қозыкеткен, Заряное, Черноярка, Ефремовка елді мекендерінің және Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының оқушылары қатысқан.

Балаларға сабақ беретін мамандар да еліміздің бірнеше өңірінен келеді. Олардың арасында Павлодар, Астана және Петропавлдан келген ғалымдар, мектеп мұғалімдері мен саяхатшылар бар.

2022 жылдан бері академия павлодарлық тарихшы-өлкетанушы Эрнест Соколкиннің есіміне арналған. Ол облыстық Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде еңбек етіп, Павлодар Ертіс өңірінің тарихын 40 жылдан астам зерттеген. «Фарватер» ашылған алғашқы жылдан бастап балаларға теплоход бортында сабақ берген.

Биыл тоғызыншы академия «Қазақстан» және «Екібастұз» теплоходтарында өтті. Жоба жыл сайын жеке демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылады. Енді ұйымдастырушылар жүзбелі мектепті трансшекаралық білім беру алаңына айналдыруды ұсынып отыр.

– Бұл жобаны халықаралық деңгейге шығаруды ұсынамын. Академияға қазақстандық балалар мен педагогтер ғана емес, Ресейдегі Ертіс пен Обь бойындағы көршілеріміз де қатысса дейміз. Осындай ерекше далалық білім беру жобасы арқылы бір-бірімізге жақындай түсеміз, – деді Александр Вервекин.

Бастама Павлодардағы халықаралық форумда ұсынылды.

Фотосуретті Валерий Бугаев ұсынды