Балмұздақ үшін заң бұзды: Шарбақты ауданының тұрғыны мас күйде көлік басқарған
![Балмұздақ үшін заң бұзды: Шарбақты ауданының тұрғыны мас күйде көлік басқарған](https://images.pexels.com/photos/108370/pexels-photo-108370.jpeg?auto=compress&cs=tinysrgb&w=1260&h=750&dpr=1)
Оны аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тоқтатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар айында аудан тұрғыны масаң күйде Хмельницкое ауылында «Chevrolet Cobalt» маркалы автокөлігін жүргізген.
– Сот отырысында әйел сағат 20:00 шамасында үйінде болып, үш стақан коньяк ішкенін, содан кейін дүкеннен балмұздақ алу үшін көлікке отырғанын түсіндірді. Ол өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтты және соттан көлік құралын басқару құқығынан айырмауды сұрады, – делінген хабарламада.
Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, әйелдің алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесінде болғаны анықталды.
Аудандық сот құқық бұзушыны кінәлі деп танып, оны 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енді.