Баянауыл ауданында 70 шақырым жол жөнделді
Жөндеу жұмыстары мен жол құрылыс материалдарының сапасы тексерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, биыл ауданда жол құрылысына қатысты біршама жұмыстар атқарылды. Ауданда 70 шақырым жол жөнделді. «Екібастұзжылуэнергомонтаж» ЖШС ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын «Қарашат – Новая Жайма» аудандық автожолын қайта жөндеуден өткізді. Құндыкөл ауылының ауылішілік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жеті көшеге жаңа асфальт төселді.
«ПКФ ГОРДОРСТРОЙ» ЖШС мердігер ұйымы Қаражар – Южное, Теңдік – Ұзынбұлақ аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуден өткізіп, Ұзынбұлақ ауылының көшелерін жаңартты. Сонымен қатар, басқа да ауылішілік жолдар жөнделді. Мәселен, Мұса Шорман ауылындағы алты көшеге, Бірлік және Майқайың ауылының көшелеріне асфальт төселді.
Ұзындығы 13 шақырымды құрайтын Сұлужон ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарын мердігер ұйым «NURAL» ЖШС жүргізді. Ақсан ауылдық округіне қарасты Қаражар ауылының жолдарды жөндеу жұмыстары әлі жүргізуліде.
Орталық мамандары жол сапасын үнемі бақылап отырады.
– Баянауыл ауданындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерді 44 рет аралап, 216 жол құрылыс материалының сынамасын алдық. Біздің зертханада 29 сынама сапасына сәйкес келмеді, – деді инженер Мейрамбек Ниязов.
Сапа мамандарының ұсыныстарын ескере отырып, анықталған бұзушылықтар мердігерлер есебінен жойылады.
Айта кетейік, Павлодар облысында жалпы ұзындығы 623 шақырымды құрайтын елді мекендердің жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен көшелерін жөндеу бойынша барлығы 203 жоба жүзеге асырылуда.