Баянауыл ауданында прозалық және сатиралық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды

Баянауыл ауданында прозалық және сатиралық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды
Фото: автор

Шара барысында «Қалмұқан қаламының ізімен» атты кітап жарық көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданында ұлт руханиятына еңбегі сіңген екі тұлғаның мерейтойына орай әдеби байқаулардың қорытындысы шығарылды. Шара барысында Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар бәйгесі мен Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына арналған сатиралық әңгімелер байқауының жеңімпаздары анықталып, марапатталды. Сондай-ақ «Қалмұқан қаламының ізімен» атты кітап жарық көрді.

Қалмұқан Исабай атындағы прозалық шығармалар байқауына 30-ға жуық шығарма қабылданып, оның 18-і іріктелді. Нәтижесінде үздік жеті туынды жүлдеге ие болды. Үшінші орынға 250 мың теңге көлеміндегі сыйлықпен «Ауа райы болжамы, Ақбеттаудан сел жүруі мүмкін» әңгімесінің авторы Жанасыл Серікбол, «Таңдыр жебесі» туындысының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ербол Қайыров және «Тұмаркіндік» шығармасының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шолпан Байғалы ие болды. Екінші орын мен 350 мың теңгелік жүлде «Ертіс жағасында» әңгімесінің авторы Жантас Еркін мен «Ақкелін шоқысы» туындысының авторы Нұрлан Құлжанға бұйырды. Бірінші орын және 550 мың теңге көлеміндегі жүлде «Тек» шығармасының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Бөженге табысталды.

Жазушы Қанат Әбілқайыр байқаудың басты ерекшелігі ретінде туындылардың жасырын түрде қаралғанын атап өтті. Бұл әдіс шығармалардың көркемдік деңгейі мен мазмұнына әділ баға беруге мүмкіндік берген.

– Бұл бәйгеден қалып қойған шығармалар да құнсыз емес. Олардың арасынан ертеңгі күні қазақ әдебиетінде ірі қаламгерлер шығатынына сенемін, – деді ол.

Қадыр Тайшықов атындағы сатиралық әңгімелер байқауы бойынша тоқталсақ, сатира жанрында қалам тербейтін облыс қаламгерлері арасында өткен бұл сайыста да үздік туындылар лайықты марапатталды. Үшінші орын мен 100 мың теңгелік жүлде Жанболат Абайхан мен Жақсыбек Шанышқылыға берілді. Екінші орын және 250 мың теңге көлеміндегі сыйлық Бейбіт Бөженге табысталды. Ал бірінші орын мен 350 мың теңгелік жүлде Алпысбай Әбдіұлына бұйырды.

Жүлдегер Жанболат Абайхан байқауға «Патриотизм» және «Зауыт пен дәуіт» атты екі сатиралық әңгімесін ұсынғанын айтты. Біріншісінде әсіре патриотизмді әжуалаған, ал екіншісінде Солтүстік Кореядағы жағдай мен Қазақстандағы кейбір оқиғаларды салыстыра бейнелеген.

– Сатира жазу үшін әрдайым көңілді болу шарт емес. Керісінше, қоғамдағы келеңсіздіктерді көргенде қалам алуға тура келеді. Бұл – ащы күлкі, ой салатын әзіл, – деді ол.

Шарада «Ақбеттау» журналының бас редакторы, ҚР мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Байбосын Қадыр Тайшықовтың өмір жолын, әдебиет пен музыкадағы еңбегін, аудармашылық қызметін және Алаш қайраткерлерімен байланысын кеңінен баяндады.

Баянауыл аудандық әкімінің орынбасары Альмира Дисюпова бұл байқаулардың әдебиетке жаңа есімдерді қосып қана қоймай, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдайтын алаң екенін атап өтті.

– Бұл жүлде мәреге жеткеннің ғана емес, жаңа белеске көтерілуге бастайтын қадам. Әсіресе жастардың белсенділігі қуантады, – деді ол.

Баянауылдағы әдеби байқаулар шығармашылық ортаны жандандырып, жергілікті қаламгерлердің жаңа туындыларын оқырманға жолдады. Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар қазақ әдебиетінің дамуына серпін беріп, рухани мұраны дәріптеуге үлкен үлес қосады.