Тәртіп сақшылары Баянауылдағы туристік маусымға дайындықты бастады

Тәртіп сақшылары Баянауылдағы туристік маусымға дайындықты бастады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көлік ағынының артуына байланысты жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары демалыс орындарына апаратын трассалардың жай-күйіне тексеру жүргізіп, апат қаупі жоғары учаскелерді анықтауда. Бұл жұмысқа заманауи технологиялар, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды. Мамандар ескерту белгілерінің орнатылуына, жылдамдық режимінің сақталуына және қауіпті бұрылыстардың таңбалануына ерекше назар аударып отыр.

– Жыл сайын жаз мезгілінде Жасыбай, Торайғыр және Сабындыкөл көлдеріне бағытталған көлік ағыны бірнеше есе артады. Бұл бақылау шараларын күшейтуді талап етеді, – деді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бақыбай Ахмедьянов.

Облыстық полиция департаменті жүргізушілерді алыс жолға шықпас бұрын көліктің техникалық жағдайын тексеруге, жылдамдық режимі мен арақашықтықты қатаң сақтауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырады.